Accessibility links

Ақтөбеде "шабуыл жасады" деп айыпталған 7 адамға өмірлік түрме жазасын сұрады


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сот ғимараты. Қазан 2016 жыл.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сот ғимараты. Қазан 2016 жыл.

Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты айыпталған 29 адамның ісі бойынша сотта жарыссөз аяқталды. Сотталушылар қарашаның 21-і күні сот алдында соңғы сөздерін айтады. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушылар "қолына қару алып, шабуылға қатысты" деп айыпталған 9 адамның жетеуін өмір бойы бас бостандығынан айырып, мүліктерін тәркілеуді сұраған.Сонымен қатар, прокурорлар бұл жеті сотталушы жазасын айрықша режимдегі колонияда өтеуі тиіс деп санайды.

Прокурорлар соттан "қарулы шабуылға қатысты" деп айыпталған тоғыз адамның екеуі - Айдос Жұбановты 25 жылға, Азамат Әбдірахмановты 22 жылға бас бостандығынан айыруды сұрайды.

Ал "қылмысты хабарламады" деген айып тағылған 18 адамның 13-ін прокуратура 6 жылға, төртеуін 4 жылға, тағы біреуін 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрайды.

Ал "қылмысты жасырып қалды" деп айыпталған Мирлан Ердауов пен Үсен Өтеповке мемлекеттік айыптаушылар 4 жылдан жаза кесілуі тиіс деп санайды.

Сот отырысы кезінде сотталушылардың барлығы істеген ісіне өкінетіндерін айтып, жазаларын жеңілдетуді сұраған. "Өмір бойы абақтыға қамалуы мүмкін азаматтардың адвокаттары да 7 адамның жазасын жеңілдетуді сұрап отыр" деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сотталушылардың бірі Айдос Жұбановтың адвокаты Бисен Әлібаев өз қорғауындағы азаматқа тағылған кейбір айыптарды алынып тастауы тиіс деп санайды. Ал "қылмысты хабарламады" деп айыпталған 5 азаматтың адвокаты соттан оларды ақтауды сұраған. Тап осындай айыппен істі болған 13 сотталушының адвокаты соттан өз қорғауындағы азаматтарды бас бостандығынан айырмауды сұрап отыр. "Қылмысты жасырып қалған" Мирлан Ердауов пен Үсен Өтеповтің адвокаттары да осыны өтінген.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG