Қарағанды қаласындағы Константин Станиславский атындағы театрда жұма күні «Ақтастағы Ахико» спектакілінің прьемерасы өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Карлагта болған, одан бостандыққа шыққан соң сол лагерь маңында өмір сүруге қалған, содан бері Қазақстанда тұрып жатқан жапон тұтқынының тағдыры жайлы бұл деректі спектакльдің премьерасы Алматыда қазанның 22-і күні өткен.
Қазір Қарағанды қаласы маңындағы Ақтас кентінде тұратын 86 жастағы Ахико Тецуро әйелі Еленамен бірге өзі туралы спектакльдің Қарағандыдағы премьерасына қатысты.
Ахико Тецуро туралы шығарма авторлары сталиндік қуғын-сүргін, Карлаг және онда болған тұтқындар тақырыбы жас ұрпақ үшін маңызды деп санайды. Тұтқыннан босап шыққаннан кейін Жапонияға туған-туыстарымен жүздесуге барған Ахиконың ол жақтан Қазақстанға қайтып оралып, осында қалғаны спектакль авторларына әсер еткен.
- Идея бір жарым жыл бұрын пайда болды. Иә, кейбір тарихи сәттер сәйкес емес. Бірақ бұл жерден тарихи сәйкестілікке емес, адамдардың тағдырына назар бұру керек, - деді Карлаг тарихын зерттеуші профессор Нұрлан Дулатбеков жұма күні Қарағандыда өткен баспасөз мәслихатында.
Сценарий авторлары мен спектакльді сахналаған шығармашылық топ премьераға қатысқан Ахико Тецуроның өзі туралы қойылымды қалай қабылдайды деген толқыныстарын жасыра алмады.
- Тірі кейіпкердің алдында оның бейнесін сомдау оңай емес. Толқып тұрғанымыз рас, - деді спектакль алдында Ахико Тецуроның жастық шағын ойнайтын актер Дулыға Ақмолда.
Ахико Тецуроның тағдыры еш жазықсыз сотталып, лагерьге айдалған мыңдаған адамның тағдырына ұқсас. Жапонияда әскери училищеде оқып жүрген 17 жастағы Ахико Тецуроны екінші дүниежүзілік соғыс кезінде совет армиясы тұтқындап, Қазақстанның Қарағанды облысындағы «Карлагқа» жөнелткен. Ахико Тецуро - СССР тұсында Қазақстанға еркінен тыс әкелінген жапон тұтқындарынан қазір тірі жалғыз адам.