Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) жаңа президенті болып Сейілдә Байшақов сайланды. Бұл туралы бүгін федерацияның ресми сайтында хабарланды.
Ресми мәлімет бойынша, жаңа басшы бүгін федерацияның Астанада өткен 14-съезінде сайланған. Съезге федерация мен атқару комитетінің мүшелері, федерация аппараты, аймақтағы делегаттары қатысқан. Дауыс беру қорытындысы бойынша Сейілдә Байшақов төрт жыл мерзімге - 2020 жылдың 28 қарашасына дейін президент болып сайланған.
Федерацияның бұған дейінгі президенті Ерлан Қожағапанов қарашаның соңында "өз еркімен" отставкаға кеткен. Мұның алдында федерация Қожағапановтың "ұзақ уақытқа оқуға кетуіне байланысты уақытша өз қызметінен кететінін" хабарлаған еді.
Қожағапанов ҚФФ президенті қызметіне 2012 жылы 29 желтоқсанда келген. Осы аралықта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаев Қожағапановтың жұмысын жиі сынап келді. Ол Қожағапановтың қызметтен кетуін талап еткен. Айсұлтан Назарбаев ҚФФ басқаруға өз кандидатурасын да ұсынған.