Желтоқсанның 3-4-і күндері Алматыдағы Республика сарайында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Жасампаздықтың 25 жылы» атты айтыс өтті.
Алматы қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы қолдаған айтысқа 20 ақын (Ершат Қайболдин, Сырым Əділбек, Мақсат Ақанов, Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, Жансая Мусина, Айбек Қалиев,Мейірбек Сұлтанхан, Серікзат Дүйсенғазы, Иран-Ғайып Күзембаев, Рүстем Қайыртайұлы, Өміржан Көпбосынов, Қалижан Білдашев, Болатбек Оразбаев, Еркебұлан Қайназар, Мұхтар Ниязов, Ержан Әміров, Аспанбек Шұғатаев, Нұрлан Есенқұлов, Нұрмат Мансұров) қатысты.
Айтыста көктемде бірнеше қалада өткен жерге қатысты митингілер, ол оқиғаға байланысты сотталған Талғат Аян мен Макс Боқаевтың ахуалы сияқты әлеуметтік мәселелер де сөз болды.
Ақырғы айналымға төрт айтыскер (Серікзат Дүйсенғазы, Жансая Мусина, Болатбек Оразбаев, Мұхтар Ниязов) өтті. Олардың үшеуі (Жансая Мусина, Болатбек Оразбаев мен Мұхтар Ниязов) бірдей ұпай алғанымен, қазылар алқасы бас жүлде – «Алтын домбыраны» Мұхтар Ниязовқа берді. Осы кездегі залдағы көрермендер бұл шешімге наразы болып, бас жүлдеге Болатбек Оразбаев лайық екенін айтып шуласып кетті.
Айтысты жүргізіп отырған ақын Жүрсін Ерман мен жүлде тапсыру үшін сахнаға шыққан Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұртты сабаларына түсіре алмай көп тұрды. Әкім «елбасының саясатының арқасында 25 жылдың ішінде мәдениет, айтыс дамып келе жатқанын» айта келе:
– Айтып жатыр ғой «бұрын әкімдер бюджетке таласқан, қазір айтысқа таласып жатыр» [деп]. Солай болып жатыр енді. Заман келді, – деді Бауыржан Байбек.
Ақыры «Алтын домбыра» (3 миллион теңге жүлдесіне қоса) – Мұхтар Ниязовқа, бірінші орын (2 миллион теңге) – Болатбек Оразбаевқа, екінші орын (1,5 миллион теңге) – Жансая Мусинаға, үшінші орын (500 мың теңгеден) – Мейірбек Сұлтанхан, Өміржан Көпбосынов, Иранғайып Күзембаев пен Серікзат Дүйсенғазыларға берілді. Бірақ көрерменнің біразы бұл шешімге бәрібір наразы болып тарасты.
«БАС ЖҮЛДЕ БІР КІСІНІҢ ЖЫРЫН АЙТҚАНҒА БҰЙЫРДЫ»
Айтыстың бас жүлдесінің Болатбек Оразбаевқа емес, Мұхтар Ниязовқа берілгеніне наразы көрермендердің бірі – блогер Айгүл Орынбек. Ол «бас жүлде халықтың мұңын айтқандарға емес, бір кісінің жырын айтқандарға бұйырды» деп біледі.
Болатбек елдің мұңын, әлеуметтік мәселелерді айта білді, сонысымен қарсыласынан озық тұрды.
– «Алтын домбыраны» Мұхтардың алып кеткеніне риза болмадым. Өйткені Мұхтар Ниязов халықтың мұңын бұрынғыдай жырламайды. Сөздерін тыңдасаң, бір адамды ғана қоштап, біреулердің ғана тілеулерін тілеп отырғандай көрінеді. Ал Болатбек елдің мұңын, әлеуметтік мәселелерді айта білді, сонысымен қарсыласынан озық тұрды, – дейді.
Алматыдағы айтысты екі күні бойы тамашалаған айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлы да «Алтын домбыраға» Болатбек Оразбаев лайық еді деп біледі.
– Расымен шын мықтыны анықтағысы келсе, суперфиналда Болатбек пен Мұхтарды айтыстыру керек еді. Сол сәтте Мұхтар басым түссе, сөзім жоқ. Шындығында Болатбектің қолындағы «Алтын домбыраны» Мұхтарға жұлып берді, – дейді Бақыт Жағыпарұлы.
«ҚАЗЫ – ЖЕТЕУ, ДАУЫС – СЕГІЗ, ҰПАЙ – ТОҒЫЗ»
Бас жүлдеге қай ақынның лайық екені қазылар алқасындағы жеті адамды (төрағасы – Әділбек Ыбырайымұлы, мүшелері – Аманжол Әлтаев, Қойлыбай Асанов, Қонысбай Әбілов, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла мен Мұхаметжан Тазабеков) да көп дауластырған.
Дәулеткерей Кәпұлы Болатбек Оразбаев – төрт дауыс (оған Аманжол Әлтаев, Қойлыбай Асанов, Қонысбай Әбілов және Дәулеткерей Кәпұлы бір-бір ұпайдан), Мұхтар Ниязов төрт дауыс (Бауыржан Халиолла, Мұхаметжан Тазабековтен бір-бір ұпайдан және қазылар алқасы төрағасы Әділбек Ыбырайымұлынан екі ұпай) алып, екі ақын тең түскенін айтады. Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, жеңімпазды айтысты ұйымдастырушы Жүрсін Ерманның пікірі анықтаған.
–«Қазір төрағаның екі дауысын қосқанда төрт те төрт болып отырмыз. Сіз кімге бересіз?» деп едік, Жүрсін Ерман «Мен Мұхтар алса деп тұрмын, ол шулатып отыр» деді. Сонымен «Алтын домбыра» Мұхтарға бұйырды. Шындығында Мұхтардың бас жүлде алуына Мұхаметжан Тазабеков ерекше жұмыс істеді, – дейді ол.
«Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов «бұл жетістікке Алланың қалауымен жеткенін» айтады.
Ақындарға ары айтсақ бір жыл, кем дегенде бір ай ішкі дайындық керек қой
– Осыған дейін төрт-бес айтыс қатар-қатар болды да, ақындар кішкене шаршаңқы келді. Ақындарға ары айтсақ бір жыл, кем дегенде бір ай ішкі дайындық керек қой. Осы тұрғыдан келгенде сезіліп тұрды. Бірақ соңғы сәтке дейін өзімнің де іштей тілеп, «осы «Алтын домбыраны» алса екен» деп тілеп тұрған ақындарым болды, – дейді ол.
Мұхтар Ниязов бас жүлдесіне «Алтын домбыра» тігетін айтыс алғаш өткен 2012 жылы да жеңімпаз болған. Одан кейін бұл сыйлық Жандарбек Бұлғақовқа (2013 жылы), Балғынбек Имашев (2014 жылы) пен Аспанбек Шұғатаевқа (2015 жылы) бұйырған.
Айтыс өнері Қазақстанда 1950 жылдары жаңаша жаңғырып, совет кезеңінде негізінен қазақ тілді аудитория ортасында ерекше танымал болған. 1991 жылдан бері айтыскер ақындар көрерменнің қолдауын табу үшін өткір әлеуметтік-саяси мәселелерді жиі көтерген. 2000 жылдардың ортасынан бастап Қазақстан билігі айтысты «бейсаясиландыруға» күш салған. Айтыс теледидардан көп көрсетілмей, бірқатар ақындар республикалық айтыстардан шеттетілген.