Ақтөбенің қалалық 2-соты 9 желтоқсан күні Бауыржан Батыров пен Нұрлан Қазкеновті екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берді. Бұл екі азамат - мұнай өнімдерін таситын көліктің жүргізушілері. Тергеу оларға "мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен, заңсыз тасымалдаумен айналысқан" деген күдік келтіріп отыр.
Ақтөбе облысы мен Қазақстанның кейбір аймағында 7 желтоқсан күні жүргізілген арнайы операция барысында мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан деген күдікпен бірнеше адам ұсталған. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, бүгін қамауға алынған екі азамат - осы топтан.
ҰҚК ақпаратына қарағанда, желтоқсанның 7-і күні ҰҚК мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп, бірнеше аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікке ілінген топты ұстау операциясын жүргізген. Ақтөбедегі операция мұнай өңдеу зауытында да жүргізілді. Арнайы қызмет қанша адам ұсталғанын, тұтқындау қай жерде болғаны туралы нақты ақпарат бермеді. Операция барысында күдіктілерден өзге мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.
ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған, радикалды салафизмді тұтынатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғанын" да хабарлады.