Accessibility links

Стамбулда екі жарылыстан ондаған адам қаза тапты


Жарылыс болған жерде жүрген адамдар. Стамбул, Түркия, 10 желтоқсан 2016 жыл.
Жарылыс болған жерде жүрген адамдар. Стамбул, Түркия, 10 желтоқсан 2016 жыл.

Түркияның Стамбул қаласында сенбінің кешінде болған екі жарылыстан кемінде 29 адам қаза тауып, 166 адам жараланған. Түркия ішкі істер министрі Сулейман Сойлудың айтуынша, мерт болғандардың 27-сі – полиция қызметкерлері. Ол жарылысқа байланысты он адам ұсталғанын айтқан.

Билік өкілінің сөзінше, түркиялық «Бешікташ» және «Бурсаспор» футбол командалары арасында өткен ойыннан кейін Vodafone Arena стадионы маңында полицияның арнайы жасағы отырған автобустың қасында тұрған көлікте жарылғыш зат іске қосылған. Одан зардап шеккендердің көбі полиция қызметкерлері деп хабарланды.

Бірінші жарылыстан кейін бір минутке жетер-жетпес уақыт өткенде стадион жанындағы бақта екінші жарылыс болған. Полицияның хабарлауынша, бұл жарылысты жанкешті жасаған.

Түркия көлік министрі Ахмет Арслан Twitter әлеуметтік желісіндегі жазбасында Стамбулдағы жарылыстарды «теракт» деп атаған.

Түркия президенті Режеп Ердоған «террорлық шабуыл қауіпсіздік күштері қызметкерлері мен бейбіт адамдарға қарсы бағытталған» деп мәлімдеді.

Стамбулдағы жарылыстарға жауапкершілікті әзірше ешкім алған жоқ.

Стамбулдағы жарылыстар туралы фотогалерея:

XS
SM
MD
LG