Accessibility links

Ақтөбедегі "мұнай ұрылары" арасында ресейлік бар


Арнайы операция өткен мұнай өңдеу зауытының маңайы. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2016 жыл.
Арнайы операция өткен мұнай өңдеу зауытының маңайы. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Ақтөбенің қалалық 2-соты 12 желтоқсан күні "мұнай ұрлығымен айналысты" деп күдікке қалған тағы үш адамды екі айға қамау туралы санкция берді. Олардың бірі - Ресей азаматы. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі xабарлады.

Соттың мәліметінше, ресейлік Асxат Сармамбетов пен Ақтөбе тұрғындары Валерий Аксаков және Нұрболат Қайырбаевқа тергеу Қылмыстық кодекстің "мұнай және мұнай өнімдерін қылмыстық топ құрамында заңсыз иелену, өткізу, сақтау, қайта өңдеу" және "ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру" деген баптары бойынша айыптар таққан. Күдіктілер өздеріне тағылған айыппен келіспейді.

Ақтөбе облыстық соты мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан деген күдікпен 12 желтоқсанға дейін жалпы саны 12 адамның қамауға алынғанын хабарлады. Әзірше жария болғандары: Еркін Ізбасар, Саят Дүсіпов, Есенжан Еркетаев , Азат Амитов, Адайбек Сәрсенов, Бауыржан Батыров, Нұрлан Қазкенов, Аухат Қалиев, Жанат Ілиясов, Асxат Сармамбетов, Валерий Аксаков пен Нұрболат Қайырбаев.

ҰҚК 7 желтоқсанда таратқан ақпаратта комитет қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікке ілінген топтың жолын кесу операциясын жүргізгені айтылған. Арнайы қызмет қанша адам ұсталғаны жайлы, тұтқындау қай жерде болғаны туралы нақты ақпарат бермеген. Операция барысында мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.

ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалдық салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.

XS
SM
MD
LG