Шымкенттік белсенді Сүйін Абулдаға Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығы ауызша ескерту жасады. Бұл туралы Азаттыққа Сүйін Абулданың өзі хабарлады.
- Ордабасы ауданында тіркеудемін. Кеше Шымкентте едім. Аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан деген жігіт кешкі сағат 7 шамасында хабарласты. Жеке мәселе бойынша ішкі істер бөліміне келіп кетуімді сұрады. Бара алмайтынымды айттым. Төрт сағаттан соң Шымкентте жолықтық. Бақылауда екенімді, жер дауынан соң қара тізімде тұрғанымды ауызша ескертті, - дейді Сүйін Абулда.
Белсендінің сөзінше, ішкі істер бөлімінің өкілі белсенді Жанболат Мамай ұйымдастырып отырған "заңсыз митинг ұйымдастырды" деп сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянға қоғам атынан "Халық батыры" атағын беру рәсіміне баратынын білетінін, "ешқайда шықпағаны дұрыс" екенін ескерткен.
Аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан (аты-жөнін толық айтудан бас тартты – ред.) Азаттыққа белсенді Сүйін Абулдамен кездескенін растады. "Оның бұрын сотталғанын білесіздер ғой. Біз тек заң жүзінде жұмыс істейміз. Бұрын өткенін (сотталғанын айтады – ред.) ескерттік. Бар болғаны сол" дейді ол.
Сүйін Абулда 18 мамыр күні жер мәселесі бойынша митинг өтуі мүмкін екені туралы хабар таратқаны үшін 15 тәулікке қамалған болатын.