Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда 124 адамға лейшманиоз жұққан


Маса. (Көрнекі сурет)
Маса. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысында тері лейшманиозы ауруын жұқтырған адамдар соңғы айда күрт көбейіп, 53-тен 124-ке жетті деп хабарлады облыс əкімінің баспасөз қызметі.

Облыста әсіресе Отырар, Шардара, Арыс өңірлерінде бұл аурудың қаупі зор.

Қазір облыстағы тері-венерологиялық диспансері мамандары тері лейшманиозы дерті үдеген өңірлерге барып, ұйымдастыру-әдістемелік көмегін көрсетіп жүр. Лейшманиоздың алдын алу және емдеу бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, дәрілеу үшін бюджеттен қаражат бөлу, уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсету, аула аралау жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданған.

Бұл ауру адамға Leishmania паразиті бар масадан жұғады. Аурудың жасырын кезеңі екі аптадан төрт айға дейін созылады. Күз бен қыс айларында ұзақ уақыт жазыла қоймайтын, орнында тыртық қалатын жаралар пайда болады. Лейшманиоз адамнан адамға жұқпайды. Дерттің арнайы емі жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше, бұл дерт халықтың аса кедей, дұрыс тамақтана алмайтын, иммундық жүйесі әлсіз, тұрмысы нашар тобына тез жұғады. Лейшманиоз әлем бойынша жылына 1,3 миллион адамға жұғады, 20-30 мың адам бұл аурудан көз жұмады. Leishmania паразиті жұққан адамдардың аз бөлігі ғана бұл ауруға тап болады.

XS
SM
MD
LG