Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін өзгерту туралы заңға қол қойды. Бұл туралы 22 желтоқсан кешкілік президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Заңға сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне медициналық сақтандыру үшін төлем жасай бастайды. Ал 2017 жылы 1 шілдеден бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» енгізілмеді. Жарна төлеген азаматтар дәрігерлік көмекке 2018 жылы 1 қаңтардан бастап осы жүйе негізінде жүгіне алады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халыққа қорға жиналған қаражат есебінен дәрігерлік көмек көрсетуді мақсат етеді. Бір жағы бұл жүйе мемлекет қазынасынан тегін медицина үшін бөлінетін ақшаны үнемдейді деп жоспарланған.
Жүйе Қазақстанда екінші мәрте енгізілгелі отыр. 1990 жылдардың ортасында Қазақстан билігі міндетті медициналық сақтандыруды іске қосқан. Бірақ 1998 жылы сол кездегі медициналық сақтандыру қорының басшысы Талапкер Иманбаев Қазақстаннан кетіп қалып, "жиналған қаражатты жымқырды" деген айыппен сырттай тоғыз жылға сотталған.