Павлодар тергеу абақтысында қамауда отырған жергілікті тұрғын Руслан Гинатуллин 2016 жылғы желтоқсанның 17-сінен бері аштық акциясын өткізіп жатыр. Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған туысы Алик Гинатуллин оның тек су ішетінін айтады. Туысы берген ақпаратқа қарағанда, бүгін олардың аналары Гарифа Гинатуллина түрмедегі ұлын көруге барып, оның "әлсіреп бара жатқанын", "басы айналатынын" айтып келген.
Павлодар облысы қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілдері Руслан Гинатуллиннің аштық акциясын өткізіп жатқанын растады және сотталушының денсаулығын күнбе-күн бақылап отырғандарын хабарлады.
Руслан Гинатуллин 2016 жылы желтоқсанның 14-і күні Павлодар қалалық соты үкімімен алты жылға сотталған. Оған «трансұлттық қылмыстық топ құрды» және «араздық қоздырды» деген айыптар тағылған.
Үкімде Гинатуллиннің «ВКонтакте» желісіне «экстремистік сипаттағы» бірнеше ролик жариялағаны, олардың «ұлтаралық араздық қоздыратыны» жазылған. Ол бұрын тыйым салынған діни ұйым «Хизб ут-Тахрир» қызметіне қатысы бар деген айыппен сотталған. Үкімде Гинатуллиннің осы ұйымнан шықпағаны, тіпті топқа жаңа мүшелер жинағаны айтылған.
Руслан Гинатуллин айыптарды мойындамайды. Туысы Алик Гинатуллиннің сөзінше, ол желтоқсан айының соңында үкімге қарсы апелляциялық шағым түсірген.