Accessibility links

Женевада Кипрге қатысты келіссөз басталады


Солдан оңға қарай - Солтүстік Кипр Түрік республикасының басшысы Мустафа Акинчи, БҰҰ-ның бұрынғы басшысы Пан Ги Мун және Кипр республикасының басшысы Никос Анастасидиас. Женева, 7 қараша 2016 жыл.
Солдан оңға қарай - Солтүстік Кипр Түрік республикасының басшысы Мустафа Акинчи, БҰҰ-ның бұрынғы басшысы Пан Ги Мун және Кипр республикасының басшысы Никос Анастасидиас. Женева, 7 қараша 2016 жыл.

Женевада бүгін Кипрдің түріктер тұратын бөлігі мен гректер тұратын бөлігінің жетекшілері арасында бейбіт келіссөз өтпек. БҰҰ-ның арағайындығымен өтетін келіссөзге этникалық гректер тұратын Кипр Республикасының басшысы Никос Анастасиадис және түріктер тұратын Солтүстік Кипр Түрік республикасының басшысы Мустафа Акинчи қатысады. Келіссөз екіге бөлінген Кипрге қатысты жарты ғасырға жуық уақытқа созылған дауды шешудегі тарихи мүмкіндік деп аталып отыр.

"Біз Женевада қорытынды келісім жасайтын жағдайда емеспіз. Мұқият болуымыз керек" деп жазды Анастасиадис Twitter-де. Ол келіссөзге "үміт және сеніммен бара жатқанын" айтты.

Бұған дейін қарашада өткен келіссөздің алғашқы кезеңінде нәтиже шықпаған.

Түркия 1974 жылы Кипрде Грекиямен бірігуді жақтайтындар ұйымдастырған төңкерістен соң Кипр территориясына басып кіргеннен бері бұл арал екіге бөлінген. 1974 жылы құрылған Солтүстік Кипр Түрік республикасын Анкара ғана мойындайды. Грекия Еуропа Одағына кіретін Кипр республикасын ғана мойындайды.

XS
SM
MD
LG