Accessibility links

Қадыров: Полиция төрт содырдың көзін жойып, ондаған адамды ұстады


Рамзан Қадыров, Шешенстан басшысы.
Рамзан Қадыров, Шешенстан басшысы.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 11 қаңтарда Шешенстанда болған арнайы операцияда күдікті төрт содырдың оққа ұшып, ондаған адам ұсталғанын хабарлады.

"Курчалой ауданында болған арнайы операцияда төрт содырдың көзі жойылып, қауіпсіздік күштерінің бір қызметкері қаза тапты" деді Қадыров. Оның сөзінше, түн ішінде болған операцияда "қарулы бір содыр қараңғылықты пайдаланып ұстатпай кеткен", қазір оны іздеп жатыр.

Қадыров "бандалық топ" деп сипаттағандардан мина, жарылғыш заттар, қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленген. Шешенстан басшысы қарулы топ өкілдерінің біразы 2006 жылы көзі жойылған "қандықол әмір" Иса Мускиевтің жақын туыстары болғанын айтады. Көзі жойылғанға дейін Мускиев пен оның ағасы Курчалой және Шали аудандарының 102 тұрғынын өлтірген.

Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы қауіпсіздік тұрақсыз. Аймақтағы жұмыссыздық пен кең тараған коррупция жастарды радикалды ислам идеяларын қабылдауға мәжбүрлеп отыр.

Мәскеу Совет одағы құлаған 1991 жылдан бері мұсылмандар басым тұратын Шешенстандағы сепаратистерге қарсы екі рет соғыс ашқан.

Бұрын шешен көтерілісшіл жасақтары құрамында соғысқан Рамзан Қадыров қазір Ресей президенті Владимир Путинге адал адамға айналған.

XS
SM
MD
LG