Астанада қаңтардың 23-і күні өткелі отырған Сирия жанжалын реттеу жөніндегі келіссөздерге АҚШ-тан делегация келмейді, оған тек Қазақстандағы елшісі ғана қатысады. Бұл туралы мәлімдемені сенбі күні АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан. Бұл мәлімдеме АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп салтанатты түрде ант беріп, қызметіне ресми кіріскен күннің ертеңінде айтылып отыр.
Қазақстандағы АҚШ-тың қазіргі елшісі Джордж Крол бұл қызметке 2015 жылы тағайындалғанға дейін Өзбекстан және Беларусь мемлекеттерінде АҚШ елшісі болған. Одан бұрын Крол АҚШ мемлекеттік департаментінің Ресеймен байланыс бөлімінің директоры болып істеген, Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Варшава мен Нью-Делиде дипломатиялық қызметтер атқарған.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров қаңтардың 20-сы күні Дональд Трамп Астанадағы кездесуге Таяу Шығыс бойынша сарапшы жіберер деп үміттенетінін айтқан. Астанадағы Сирия жанжалын реттеу жөніндегі келіссөздерге Иран, Ресей және Түркия қолдау білдіріп отыр.
Қаңтардың 20-сы күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Қазақстан астанасында өтпекші Сирия жөніндегі бейбіт келіссөздерге қолдау танытқан, сонымен бірге Астанадағы кездесу осы кезге шейін БҰҰ аясында өтіп келе жатқан келіссөздерге бөгет болмайды деп сенетінін білдірген. Астанадағы келіссөзге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура келетіні хабарланған.
Батыс елдері өкілдері Астанада өтетін кездесуде Сирияда алтыншы жыл жалғасып жатқан азамат соғыс отын тоқтататындай бейбіт бітімге қол жететіндігіне күмән келтіреді.