АҚШ-та жоғары шенді бірнеше дипломат мемлекеттік департаменттен кетеді. Бұған дейін президент Дональд Трамп олардың отставкаға кету туралы өтінішін қабылдаған. Бұл туралы мемлекеттік департамент өкіліне сілтеме жасаған Associated Press агенттігі хабарлады. Washington Post газеті мұндай отставкалар болады деп күтілмегенін жазды.
Отставкаға кету өтініші қабылданғандар арасында мемлекеттік хатшының қарулану және халықаралық қауіпсіздік бойынша орынбасары Томас Кентримен, басқару мәселелері бойынша орынбасары Патрик Кеннеди, мемлекеттік хатшының консулдық мәселелер бойынша кеңесшісі Мишель Бонд және мемлекеттік департаменттің шетелдегі өкілдіктер ісі басқармасын басқарған Джентри Смит бар.
Мемлекеттік департаменттен кететіндер арасында мемлекеттік хатшының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісі Виктория Нуланд, хатшының дипломатиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша көмекшісі Грегори Старр бар.
Трамп пен оның командасына енді көптеген дипломатиялық лауазымды қызметтерге, оның ішінде мемлекеттік хатшының үш орынбасарына лайықты адам табуы керек. Трамптың мемлекеттік хатшылыққа ұсынған адамы Рекс Тиллерсонның кандидатурасын сенат келесі аптада бекітуі тиіс.