Accessibility links

"Қырғызтелеком" басшысы келісімге қатысты тергеуден соң қызметтен кетті


"Қырғызтелекомның" Бішкектегі кеңсесі (Көрнекі сурет).
"Қырғызтелекомның" Бішкектегі кеңсесі (Көрнекі сурет).

Қырғызстанның "Қырғызтелеком" компаниясының басшысы Эмиль Ешеналиев Қазақстаннан интернет қызметін сатып алуға қатысты тергеу қорытындысы бойынша қызметінен босатылды.

Ешеналиевтің қызметінен мерзіміне бұрын босатылғаны туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына "Қырғызтелекомның" директорлар кеңесінің төрағасы Бекзат Үсенқанов хабарлады.

2016 жылғы желтоқсанның соңында Ешеналиев тергеу жүріп жатқанына байланысты қызметінен уақытша шеттетілген. Қарашада Қырғызстанның бас прокуратурасы "Қырғызтелеком" басшылығының Қазақстан тарапымен интернет қызметін сатып алу туралы заңсыз келісім жасасу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу мәліметінше, Ешеналиев "шетелдік компанияның интернет қызметін көрсету бағасын қымбаттату туралы бір жақты талабы негізінде көпе-көрінеу тиімсіз келісім жасасқан".

Қырғызстанда интернет қызметі тарифтерінің күрт қымбаттауы мәселесін тексеру үшін құрылған депутаттық комиссия үкіметке Эмиль Ешеналиевті қызметінен босатуды ұсынған.

Депутаттық комиссия тергеудің қорытындысы бойынша "коррупция мен астыртын сөз байласу элементтерін" анықтап, "Қырғызтелеком" басшылығының іс-әрекетінде "қылмыстық астыртын сөз байласу және коррупциялық схема" болған деп тұжырым жасаған.

XS
SM
MD
LG