Accessibility links

Донбаста ұрыстан бірнеше украин сарбазы оққа ұшты


Авдеевкада көпқабатты үйлердің расында тұрған украин армиясының танктері. Украина, 2 ақпан 2017 жыл.
Авдеевкада көпқабатты үйлердің расында тұрған украин армиясының танктері. Украина, 2 ақпан 2017 жыл.

Донбаста өткен тәулікте сепаратистердің украин әскерінің шептерін атқылауынан төрт украин сарбазы оққа ұшып, 17-сі жараланды. Украина әскерилері шептерін, оның ішінде Авдеевка ауданындағы бекіністерін 114 рет атқылағанын айтады. Авдеевкада қаңтардың соңынан бері қарулы қақтығыс күшейген.

Украина армиясы штабының мәліметінше, ресейшіл сепаратистер Донецк облысы мен Мариуполь бағытындағы шептерін "Град" қондырғысынан, танктер, гранатометтер мен минометтерден атқылап жатыр.

Bellingcat халықаралық тергеушілер тобы спутниктен түсірілген суреттер мен видеоларды, ЕҚЫҰ-ның есептерін, әлеуметтік желілердегі хабарламаларды талдай отырып сепаратистердің Донецкінің халық тұратын аудандарына "Град" қондырғысын орнатқан деген тұжырым жасайды. Бұл туралы тергеушілердің 2 ақпанда жариялаған есебінде айтылады.

Ресейшіл сепаратистер қақтығыстың шиеленісуіне Киевті айыптап, өткен түні Украина әскерилерінің Донецкіні "зымыранмен атқылауы салдарынан" кем дегенде екі адам қаза тауып, 13 адам жараланғанын айтады.

ЕҚЫҰ арнайы бақылау миссиясы басшысының орынбасары Александр Хуг бүгін Авдеевкаға барады. Кеше ол Авдеевка мен Донецкіні атқылаудың толастамауын айыптап, Донбаста қақтығысты тоқтатуға шақырған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2 ақпан күнгі отырысында Минск келісімі бойынша тыйым салынған қару-жарақтардың қолданылғанын айыптады.

Украина президенті Петр Порошенко Facebook-те Ресейді "Минск келісімін жүйелі түрде бұзып, Донбастағы жағдайды шиеленістірді" деп тағы айыптады.

Мәскеу Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистерді қолдайтынын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG