Қытайдың Hunan TV арнасы ұйымдастырған "I Am a Singer" ән байқауының алғашқы екі турында көпшіліктің қошеметіне бөленген қазақстандық әнші Димаш Құдайберген ақпанның 4-і күні байқаудың үшінші турында кезекті рет сахнаға шықпақшы. Ұлына қолдау білдіру үшін Димаштың әкесі Қанат Айтбаев ақпанның 3-і күні Ақтөбеден Қытайдың Чанша қаласына жолға шықты.
Азаттық тілшісі бұл күндері қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде есімі жиі атала бастаған 22 жастағы әнші жігіттің отбасында болып, туған-туыстарын әңгімеге тартқан еді.
"АТА-ӘЖЕСІНІҢ БАЛАСЫ"
Ақтөбе қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжін тәмамдаған Димаш Құдайберген қазір Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқиды. Димаш Қанат және Светлана Айтбаевтар отбасындағы үш баланың тұңғышы. Димаштың мектеп жасындағы қарындасы Раушан мен інісі Әбілмансұр бар. Анасы Ақтөбе филармониясының әншісі, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, әкесі - облыстық мәдениет басқармасын басқарады.
Димаш немеренің де тұңғышы болғандықтан сәби кезінен ата-әжесінің тәрбиесінде өскен. Үй-ішінің айтуынша, Димаш бала күнінен әжесін "мама" деп атайды екен.
- Қырқынан шыққан соң алғашқы немеремізді атасы екеуміз бауырымызға салғанбыз. Әлі күнге Димашсыз ұйықтай алмаймын, - дейді әжесі Миуа Низамудинова.
Ол немересінің жастайынан өзгеге қамқор, қолы ашық болып ер жеткенін айтып берді.
- Димаш Ақтөбедегі музыка колледжінде оқып жүргенде ауыл балаларына асханадан тамақ сатып әперіп жүретін. "Мен ата-анамның жанындамын, олардың қарны ашып қалады ғой" деп жанашырлық танытатын. Ешқашан қолын қаққан емеспіз, - дейді Миуа Низамудинова.
Бұл күнде зейнеткер Құдайберген Айтбаев пен Миуа Низамудинова Димашқа бас-көз болу үшін Ақтөбеден уақытша Астана қаласына қоныс аударғандарын айтады. Димаш қазір Қытайдағы байқауға қатысып жүргендіктен ата-әжесі жуырда Ақтөбеге оралған. Азаттық тілшісмен әңгімеде әжесі немересінің өнері жайлы атып берді.
- Димаш әнді әрдайым фонограммасыз айтады. Сахнада барын салып ән шырқайтындықтан жейдесінің терін сығып алатын күндеріміз көп. Концертке киетін костюмдерін әзірлеп, ас-суын уақытылы бермекке баламыздың соңынан Астанаға еріп кеттім. "Тіл-көзден сақтай гөр" деп ертелі-кеш есімін дұғама қосып отырамын. Сахнаға шығар алдында қалтасына бір шымшым тұз салып, костюміне түйреуіш қадап жіберемін, - дейді Миуа Низамудинова.
Шет мемлекеттерге жиі шығатын Димашпен хабарласып отыру үшін бұл күнде жасы жетпістен асқан Миуа Низамудинова Instagram желісіне тіркеліп, WhatsApp мессенджерін меңгеріп алған. Немересі Қытайдағы "I Am a Singer" байқауында көпшілікке танымал болғалы бері әжесі Instagram-дағы парақшасына жазылушылар саны да күрт көбейгенін айтады.
- Баламның тілеулестері өте көп екендігін әлеуметтік желіден көріп қуанып отырамын, - дейді Миуа Низамудинова.
КӨРЕРМЕНГЕ ТАНЫМАЛ ЕТКЕН ҚЫТАЙДАҒЫ БАЙҚАУ
Светлана Айтбаева ұлының кішкентай кезінен өнерге жақын болып өскенін айтады.
- Бір орнында отыра алмайтын тынымсыз болды, талай рет қол-аяғын да сындырды, ит те қауып алды. Бірақ вокал студиясындағы сабағы мен бассейндегі жаттығуларынан бір рет те қалып көрген емес, - дейді Светлана Айтбаева.
Ол Димаштың әншілік өнеріне бала кезден суға жүзуге құштарлығы да септігін тигізгенін айтады.
- Денесінің сұңғақ бойлы, кең иықты болып қалыптасуы бассейннің әсері болса керек. Жалпы дауыспен жұмыс істейтіндер үшін суда жүзудің пайдасы ұшан-теңіз. Ән салып тұрғанда Димаштың демін ұзақ ұстай алатындығына да жүзумен айналысқаны көп пайдасын тигізді, - дейді Светлана Айтбаева.
Анасының сөзінше, Қытайдағы ән байқауын ұйымдастырушыларға қазақстандық әншінің ата-анасы бір ғана шарт қойыпты. Димаш қытай асханасына үйрене алмағандықтан, ерлі-зайыпты Айтбаевтар ас мәзірінің еуропаша әзірленуін өтінген. Ұйымдастырушылар оны құп алған.
Үй-ішінің айтуынша, Қытайдағы байқаудың алғашқы екі турында қатарынан озған Димаштың өнеріне тәнті болғандар көбейіп, онымен жүздескісі келетіндер де көбейген.
- Байқауды ұйымдастырушылар Димаштың күзетін күшейтуге мәжбүр болды. Қазір оның қауіпсіздігін тәулік бойы төрт адам күзетеді, - дейді әншінің анасы Светлана Айтбаева.
Димаш Құдайберген бұған дейін Қытайдағы "I Am a Singer" ән байқауының екі турында топ жарған. Ақпанның 4-і күні кезекті рет сахнаға шығатын әншінің Қазақстандағы жанкүйерлері оның өнерін интернет арқылы тамашаламақшы. 14 турдан тұратын "I Am a Singer" ән байқауының жеңімпазы сәуір айының соңында белгілі болмақ.