Accessibility links

Азаттықтың Түркіменстанда қамалған тілшісі бостандыққа шықты


Азаттықтың Түркіменстандағы тілшісі Худайберді Аллашов.
Азаттықтың Түркіменстандағы тілшісі Худайберді Аллашов.

Азаттықтың Түркіменстанда қамалған тілшісі Худайберді Аллашов пен оның анасы Курбантач Аразмедов екі жарым айлық қамаудан босап шықты. Дашогуз облысындағы дерек көзінің айтуынша, оларды 15 ақпанда босатқан. Сот тілші мен анасына шартты жаза кескен. Тілшінің өзімен әзірше хабарласу мүмкін болмады.

Түркіменстан билігін сынаған материалдарымен танылған Худайберді Аллашов 2016 жылы 3 желтоқсанда Дашогуз облысының Көнеүргеніш ауданында ұсталған. Полиция журналиске "заңсыз 11 келі насыбай сақтады" деген айып таққан.

Куәгерлер айыптаудың заңсыз екенін, полиция бөлімінде Худайберді Аллашовты аяусыз ұрып-соққанын, электр тогымен азаптап мойындауға мәжбүрлегенін айтқан.

Соңғы бірнеше ай ішінде Азаттықтың Түркіменстандағы бірнеше тілшісіне белгісіз адамдар шабуыл жасап, қоқан-лоқы көрсеткен. Былтыр Азаттықпен әріптес журналист Сапармамед Непескулиев үш жылға сотталған.

Құқық қорғаушы ұйымдар табиғи газға бай постсоветтік Түркіменстанды сөз бостандығы мен пікір алуандығын қатты шектейді деп сынап келеді.

Түркіменстандағы тәуелсіз журналистердің тағдырына бұған дейін АҚШ үкіметі, ЕҚЫҰ ұйымы алаңдаушылық білдірген еді. Халықаралық Human Rights Watch және "Шекарасыз тілшілер" құқық қорғау ұйымдары да Түркіменстандағы сөз бостандығына қарсы "жойқын шабуылды" айыптайтындарын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG