Ресей Сирия президенті Башар Асадтан осы аптада Женевада өтетін бейбіт келіссөз уақытында бомбалауды тоқтата тұруды сұрады деп хабарлады БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы уәкілі Стаффан де Мистура. Ол сонымен қатар Женевадағы келіссөздің өтпей қалу қаупі аз екенін де айтты. "Ресей Сирия билігіне келіссөздер кезінде өз әуе кеңістігінде тыныштық сақтауды ресми түрде сұрағанын хабарлады" деді Мистура.
Женевадағы келіссөз - соңғы бір жылда БҰҰ бастамасымен өтетін алғашқы кездесу болмақ. Бір жыл ішінде Сириядағы геосаяси және әскери жағдай біршама өзгерді. Асад армиясы Ресейдің қолдауымен көтерілісшілердің тірегі болған Алеппоны қайтарып, олардың ықпалын біраз әлсіретті. Мистураның сөзіне қарағанда, ол 23 ақпанда өтетін кездесуден аса бір ілгерілеушілікті күтпейді. "Кездесуден үлкен секіріс күтпеймін" деді Мистура, бірақ бүгін басталатын келіссөз дағдарысты саяси жолмен реттеуде жаңа келіссөзге бастама болуы мүмкін.