Accessibility links

Назарбаевты Нобельге антиядролық белсендімен бірге ұсынды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-та өткен ядролық саммитте сөйлеп отыр. Вашингтон, 31 наурыз 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-та өткен ядролық саммитте сөйлеп отыр. Вашингтон, 31 наурыз 2016 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев Нобельдің бейбітшілік сыйлығына жетінші рет ұсынылды. Ұсынысты ұйымдарын Қазақстан сыртқы істер министрлігі қаржылай қолдайтын ғалым Алин Варе жариялады. Кей сарапшылар болжамынша, Назарбаевқа «Нобель» бұйыруы екіталай.

БІР НАГРАДАҒА ҮШ ҮМІТКЕР

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылғаны жайлы ақпанның 26-сы күні Facebook парақшасында Швейцариядағы Базель бейбітшілік кеңсесі ғылыми-зерттеу орталығы директоры Алин Варе жазды. Назарбаевты тұңғыш рет өзге «үміткермен» қоса ұсынған.

Варе «Биыл мен ядролық қарусыздану мәселелеріндегі ерен күш-жігері үшін Кәріпбек Күйіковті, Global Zero ұйымын және Нұрсұлтан Назарбаевты бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсындым» деп жазған. Бұған қоса, ол қаңтардың 30-ы күні институт атынан Нобель комитетіне жолданған құжаттарға сілтеме берген. Ол құжаттарда Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жапқаны, әлемдегі үшінші ядролық арсеналдан бас тартқаны, Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруға қатысты келіссөздер өткізуі (барлығы 10 тармақ) қарусыздануға қосқан үлесі деп жазылған. Варенің пікірінше, егер Назарбаев сыйлық алса, оның ядролық қарусыздану процестеріне тигізетін онсыз да үлкен ықпалы тіпті арта түседі.

Қазақстандық суретші әрі антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков. Сурет "ВКонтакте" желісінен алынған.
Қазақстандық суретші әрі антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков. Сурет "ВКонтакте" желісінен алынған.

Варенің пікірінше, қазақстандық белгілі суретші әрі азаматтық белсенді Кәріпбек Күйіков ядролық қарусыз әлемді насихаттаудағы еңбегі үшін сыйлыққа лайықты. БАҚ-тың хабарлауынша, Facebook желісіндегі парақшасында Күйіков ұсынысқа қатысты комментариін жазып үлгерген. БАҚ-тар Күйіковтің «Бұл ұсыныс қана, бірақ бұл - менің емес, бірінші кезекте „Невада-Семей“ қозғалысының, „Атом“ жобасының және бұл істің басы-қасында болған, қазір өмірде жоқ адамдардың еңбегі, бұл – олардың ауыр әрі табанды еңбегі» деген сөздерін келтірген. Әлгі жазба Күйіковтің Facebook парақшасынан сол күйі табылмады.

ЖАҺАНДЫҚ НӨЛ

Ален Варе Global Zero ұйымын (Халықаралық жаһандық нөл қозғалысы деген атаумен де белгілі) ядролық қарудан жаппай бас тарту жолында жүргізген жұмысы үшін бейбітшілік сыйлығына лайықты деп санайды. Варенің сөзінше, мысалы бейбітшілік кеңсесі институты Global Zero ұйымымен бірлесіп, Еуропарламенттің 390 мүшесінің «2030 жылға қарай ядролық қаруды жоюдың кезеңдік жоспарын жазбаша мақұлдауына» қол жеткізген.

Варе – 2012 жылы құрылған бейбітшілік кеңсесі институтының негізін қалаушылардың бірі. Оның сайтында Қазақстан сыртқы істер министрлігінің институтқа қаржылай көмек көрсететіні жазылған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Астана, 16 қазан 2011 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Астана, 16 қазан 2011 жыл.

Бұған қоса, Варе жайлы жария дереккөздерде 1980 жылдардың орта шенінде оның Жаңа Зеландиядағы ядролық қаруға қарсы күрескені, көптеген салалық сыйлықтардың лауреаты екені, әйелдер мен балалардың құқығы үшін және қоршаған ортаны сақтап қалудың күрескері екені жазылған. Алин Варе -ядролық қаруды таратпау және қарусыздануды қолдайтын парламентарийлер одағының жаһандық үйлестірушісі. Одақ сайтында демеушілердің бірі ретінде Қазақстан сыртқы істер министрлігі де көрсетілген, ал Варенің өзі Facebook желісінде сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен дос. 2012 жылы Варе үйлестіруші ретінде Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесу үшін Астанаға келген.

АЛЫНБАС ШЫҢ

Кейінгі 11 жыл ішінде Қазақстан президенті бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына жетінші мәрте ұсынылды. Назарбаевты номинант ретінде алғаш рет 2006 жылы ұсынған. Қазақстан халқы ассамблеясы, пәкістандық теолог пен америкалық конгресмен президентті "әлемде бейбітшілікті сақтауға және халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін" марапаттауды ұсынған. Бірақ бұл Нобель сыйлығын кімге беруді анықтайтын адамдарға әсер етпеді. Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы иегері болуға Назарбаев «ядролық қарусыздану және бейбітшілікті нығайтудағы еңбегіне» байланысты тағы төрт рет ұсынылған. Бірақ оған сыйлық сол күйі тимеді.

Оқи отырыңыз: Назарбаевқа «Нобель» алтыншы мәрте бұйырмады

2013 жылы Назарбаевты сол баяғы ядролық қарусыздануға қосқан үлесі және халықаралық казактар ұйымын тіркегені үшін бейбітшілік сыйлығына тіпті қазақстандық казактар ұсынуға тырысқан. Бірақ олардың өтініші өтпейтіні әу бастан белгілі болған, өйткені Нобель сыйлығы комитетінің ережелері бойынша бұл номинацияға үміткерлер кандидатурасын шектеулі құрылымдар мен адамдар ғана ұсына алады. Олар - түрлі елдердің парламенттері мен үкіметтері; халықаралық сот мүшелері; университет ректорлары; әлеуметтік ғылым, тарих, философия, құқық және теология ғылымы профессорлары; әлем және сыртқы саясат ғылыми-зерттеу институты директорлары; бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алғандар; бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығымен марапатталған ұйым кеңестерінің мүшелері; норвегиялық Нобель комитетінің қазіргі және бұрынғы мүшелері; норвегиялық Нобель комитетінің қазіргі және бұрынғы кеңесшілері. Алин Варе бұл тізімге кіреді.

Солдан оңға қарай: АҚШ президенті Барак Обама, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Дмитрий Медведев Сеулде өткен ядролық қауіпсіздік саммитінде сөйлесіп тұр. Оңтүстік Корея, 27 наурыз 2012 жыл.
Солдан оңға қарай: АҚШ президенті Барак Обама, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Дмитрий Медведев Сеулде өткен ядролық қауіпсіздік саммитінде сөйлесіп тұр. Оңтүстік Корея, 27 наурыз 2012 жыл.

Бұл номинацияға үнемі көп кандидат қатысады. Мысалы, 2016 жылы қатысқан 376 үміткердің 228-і жеке адам және 148-і ұйым. Түпкілікті шешімді Норвегия парламенті құрамын бекітетін Нобель комитеті қабылдайды. Биыл ұсынылған үміткерлердің ішінде, мысалы Эдуард Сноуден мен Израиль-Палестина жанжалын бейбіт реттеу процесіне көмектескен ұйым бар.

Азаттық пікірін сұраған сарапшылар Назарбаевтың биыл сыйлық алу мүмкіндігін нөлге теңейді. Мысалы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, Назарбаевты ядролық қаруға қарсы еңбегі үшін бұл мәселе өзекті болған 1990 жылдардың орта шенінде ұсынғанда әлдебір мән болар еді.

- Ол кезде сыйлық алуға мүмкіндік болған, - дейді Бейсебаев. – 1990 жылдардың басында Нельсон Мандела, Ицхак Рабин, Шимон Перес сияқты мықты кандидаттар болды. Ал 1990 жылдардың екінші жартысында алған лауреаттармен таласуға болатын еді, ол кезде Шығыс Тимордағы шиеленісті бейбіт реттегені үшін, Солтүстік Ирландиядағы жанжалдың шешімін тапқаны үшін және «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы, жаяу әскерлерге қарсы миналарды қолдануға тыйым салу қозғалысы марапатталған.

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат.
Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат.

Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, мұндай сыйлықты алудың ең орайлы мүмкіндігі 1995 жылы болған, ол кезде физик Джозеф Ротблат лауреат атанған әрі оны «ядролық қарудың халықаралық саясаттағы рөлін азайтуға, ұзақ мерзімді перспективада қарудың бұл түріне тыйым салуға бағытталған күш-жігері үшін» марапаттаған болатын. Ядролық қарусыздану тақырыбы бойынша қайтадан біреуді марапаттайтындай қазір бұл мәселе онша өзекті емес.

Саяси сарапшы Айдос Сарымның пікірінше, Қазақстан президенті бейбітшілік саласында берілетін Нобель сыйлығын алуды қатты қалайды,бұл - оның «ежелгі арманы». Бір жағынан, билік тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары өзінің «жарылқаушысына» деген алғысын осындай амалмен білдіретін «ішінде шетелдіктер де бар көп клиент жинап алды».

- Бүкіл еңбекгін жинақтағанда биыл сыйлық алу мүмкіндігі маған нөлге тең болып көрінеді, - дейді Айдос Сарым Азаттыққа. – Меніңше, Назарбаевты Нобель сыйлығына биылғы ұсыну – соңғы ұсыну емес. – деді ол.

Саясаттанушы Айдос Сарым.
Саясаттанушы Айдос Сарым.

Айдос Сарым да, Қазбек Бейсебаев та президентпен бірге номинация бойынша ұсынылған Кәріпбек Күйіковтің еңбегі Нобель сыйлығының лауреаты болуға әбден лайық деп санайды. Бірақ сыйлық ережелеріне сәйкес, ортақ өтініште бір кандидатты екіншісінен бөлуге болмайды. Бұған қоса, Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, Назарбаев пен Күйіковті ұсынған Алин Варенің академиялық ортадағы беделі онша мықты емес.

Нобель сыйлығы жыл сайын желтоқсанда ғылым, мәдениет саласындағы жетістіктері мен қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін табысталады.

XS
SM
MD
LG