Наурыздың 3-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу туралы конституцияға өзгеріс енгізу жобасын парламент қарауына ұсынды. Нақты өзгертулер туралы мәселе қаңтар айында жарияланып, ұсыныстарды жалпыхалықтық талқылауға бір ай пұрсат берілді.
Конституциялық реформада үкімет пен парламентке 40-қа жуық өкілеттілік беру көзделген. Бірақ елдің тәуелсіздік жариялағаннан бергі саяси моделі сақталады. Қазақстан президенттік басқару жолын ұстанған күйі қала береді. Алайда атқарушы билікке бақылау күшейтілмек. Осы негізде президенттік өкілеттікті басқа тармақтарға беруге қатысты конституцияның 23 бабы өзгертіліп, соған сай заңдарға да 35 өзгеріс мен түзету енгізілмек. Өзгерістерді жалпыхалықтық талқылауға берілген бір айда алты мыңнан астам ұсыныс түскені айтылды. Бұл ұсыныстарды президент «конституциялық құқығын пайдалана отырып» референдум жолымен емес, парламенттің дауыс беруімен қабылдауға ұйғарды.
Конституцияға өзгеріс жобасы парламентке ұсынылған кезде депутаттардың кейбірі «мемлекеттің мызғымас құндылығы» ретінде тәуелсіздікке қоса тұңғыш президенттің мәртебесін де конституцияға қосу туралы ұсыныс жасады.
Конституцияға өзгертулер ұсыныстары талқылана бастағанда қоғамда мұрагерлік жайлы да айтыла бастады. Әдетте көзге түсе бермейтін конституциялық кеңес мүшелері де осындай сәттерде эфирден, көпшілік алдынан көрініп қалып жатты.
Осылайша тәуелсіздік алғалы жалғыз саясаткер – президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қазақстанда екінші конституциялық реформа қабылданғалы жатыр. Бірінші конституциялық реформа 1995 жылы референдум жолымен өткізілген болатын. Алғашқы референдумды сарапшылар сол кездегі бір палаталы парламенттің құзырын шектеп, авторитарлық билеу жүйесін бекіту үшін жасалған еді дейді.
ТӘЖІКСТАН МЕН ТҮРКІМЕНСТАН «ТӘЖІРИБЕСІ»
Былтыр Тәжікстанда мамыр айында конституцияны өзгерту үшін референдум өткізіліп, негізгі заңға өзгертулер қабылданды. Жаңа конституция бойынша «Ұлт көшбасшысы» деп жарияланған қазіргі президент Эмомали Рахмон шектеусіз мерзімге сайлана алатын болды. Жаңа конституция бойынша жасы 30-дан асқан Тәжікстан азаматы президент болып сайлана береді. Мұны сарапшылар қазіргі президенттің биыл ел астанасы әкімдігіне ұсынылған ұлы Рустам Эмомалиге әкесінің орнын алмастыруға жасалған жағдай ретінде бағалайды. Рустам жыл соңына қарай 30 жасқа толады.
Былтыр қыркүйек айында Түркіменстан да конституциялық реформасын қабылдап, президент сайлауы үшін кандидаттың жас шектеуін алып тастады және бір адамның президенттік өкілеті бұрынғы бес жылдан жеті жылға ұзартылды. Реформа жобасын арнайы құрылған конституциялық комиссия ғана талқылап қабылдады. Комиссияның жобаны сараптауына екі жыл уақыт берілді.
Биыл Түркіменстанда президент сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Гурбангулы Бердімұхамедов «97,69 пайыздық» дауыспен қайтадан президент болып сайланды.
«ДЕМОКРАТИЯ АРАЛЫНА» НЕ БОЛДЫ?
Орталық Азия елдері ішінде бір кезде «демократия аралы» аталған Қырғызстанда да былтыр желтоқсан айында конституцияны өзгерту референдумы өткізілді. Бір қызығы – елде екі төңкерістен кейін 2010 жылы 2020 жылға дейін конституцияны өзгертпеу туралы келісілген болатын. Бірақ қазір билік басында отырған Алмазбек Атамбаевтың қолдауымен референдум өткізіліп, премьер-министрдің құзіреті өсті.
Қырғызстанда бір адам қатарынан екі мерзімге президент болып сайлана алмайды. Президенттік мерзім – 6 жыл. Қырғызстанда қазіргі президент Алмазбек Атамбаев ендігіде премьер-министр ретінде ықпалын сақтап қалғысы келеді деген пікірлер жиі айтылады. Ал конституциядағы соңғы өзгерістер бойынша үкімет басшысы министрлерді қызметке тағайындау-босату мәселесін президент және жергілікті кеңештердің мақұлдауынсыз дербес шеше алады. Премьер-министр мен оның орынбасарлары отставкаға кеткеннен кейін де парламентте депутаттық мандаттарын сақтайды.
Таяуда Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында Орталық Азия елдері бойынша сарапшы Эрика Марат бұл әрекеттің 2010 жылы негізі қаланған демократиялық базаға қайшы келетіндігін айтты.
- Өкінішке қарай, 2016 жылы болған конституцияны өзгерту референдумы мен алдағы сайлауға дайындық Қырғызстанның авторитаризмге бет алып көрші елдерге ұқсап бара жатқанын көрсетеді, - дейді Эрика Марат.
СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ «САЛҚЫНЫ»
Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының басшысы Зәуреш Батталованың айтуынша, Орталық Азиядағы авторитарлық режимдер бір-біріне қатты ұқсайды. Ол аймақтағы елдер қалыптасып қалған «автократтық жолды сақтап қалуға тырысады» деген пікірде.
- Конституцияны өзгерту үшін нақты сараптамалар жасалуы керек еді. Сараптамада мемлекеттің қалай дамитыны анықталып, нақты приоритеттер көрсетілуі керек болатын. Оны іске асыратын нәтиже әкелетіндей қандай жолдары бар – осы мәселе анықталуға тиіс еді ғой. Бастысы - мұндай өзгерістер ел азаматтарына жаңа өмір әкелетіндей бағытта жасалса ғана жарасар еді, - дейді Зәуреш Батталова.
Ол Қазақстанда 12 адамнан тұратын топ ұсынып, бір айда «екі миллион адам талқылады» делінген ұсыныстарды тек билікте отырғандарға ғана тиімді деп санайды.
- Бұл – халықтың қоғамда өзгеріс жасауына қатысу құқығын беретін конституцияның 33-бабына қайшы, - дейді Зәуреш Батталова Азаттыққа.
СCCР ыдырағанда осы елдердің тәуелсіз саясатының өзі бұрынғы коммунистік санадағы басшылардың бағыты бойынша құрыла бастады. Қазір де басшылар бұрынғы саяси құралдарды пайдаланып басқарып келеді
Өзі де кезінде сенат депутаты болған Зәуреш Батталованың айтуынша, Ресей мен Орталық Азия елдерінде әділ сайлау өткізу арқылы билікке жаңа адамдардың келу мәселесі дамымаған. Бұл елдер бір-бірін қолдап, бұрынғы қалыптасқан жүйені сақтап қалуға тырысады.
- Совет одағы ыдырағанда осы елдердің тәуелсіз саясатының өзі бұрынғы коммунистік санадағы басшылардың бағыты бойынша құрыла бастады. Қазір де осы елдердегі басшылар бұрынғы саяси құралдарды пайдаланып қана басқарып келеді, - дейді парламентаризмді дамыту қорының басшысы.
Зәуреш Батталованың айтуынша, Қырғызстанның да осы үрдістен аса алмай, көрші елдерден оза алмай қалғаны өкінішті. Есесіне, Михаил Саакашвили билікте болған кезде Грузияда бірталай өзгерістер жасалған еді дейді саясаткер.
- Алайда Орталық Азия елдерінде өзгерістер халықпен, қоғаммен санаспай, жасанды партиялар, ұйымдардың араласуымен жасанды статистика арқылы жасалады. Бұл – халықтың мүддесіне қайшы, - дейді Зәуреш Батталова Азаттыққа.