Accessibility links

Фийонның сайлау штабы басшысы қызметінен кетпекші


Франция президенттігіне кандидат Франсуа Фийон (оң жақта) мен әйелі Пенелопа (сол жақта). Париж, 29 қаңтар 2017 жыл.
Франция президенттігіне кандидат Франсуа Фийон (оң жақта) мен әйелі Пенелопа (сол жақта). Париж, 29 қаңтар 2017 жыл.

Франция президенттігіне оңшыл центристік "Республикашылдар" партиясынан кандидат Франсуа Фийонның сайлау штабының басшысы қызметінен кететіні туралы мәлімдеді. Осы аптада Фийонның баспасөз-хатшысы отставкаға кеткен болатын. Партияластары мен центристердің көбі басы дауға қалған кандидаттан іргесін аулақ салып жатыр деп хабарлайды француз халықаралық радиосы. Кейбіреулер Франсуа Фийонның орнына праймеризде екінші орын алған Ален Жюппені президенттікке кандидат етуді ұсынып жатыр. Жюппенің маңайындағылар егер мұндай ұсыныс жасалса оның келісім беретінін сездірді.

Наурыздың 5-і күні Париждегі Трокадеро алаңында Франсуа Фйионды қолдау шеруі өтпекші. Ұйымдастырушылар шараға 40 мыңнан 50 мыңға дейін адам келеді деп жоспарлап отыр. Фийон өзіне тіпті айып тағылған жағдайда да президенттік сайлаудан бас тартпайтыны туралы мәлімдеген. Тергеу орындары оны наурыздың 15-іне шақыртқан. Бұған дейін Фийон егер құқық органдары өзіне айып тақса, онда сайлаудан бас тартатынын айтқан.

2016 жылғы қарашада өткен оңшыл күштер праймеризінде жеңіске жеткеннен кейін Франсуа Фийон президенттік сайлаудың фавориті саналған еді. Бірақ 2017 жылы қаңтардың соңында Le Canard enchaîné сатиралық басылымы Фийон әйелі мен балаларын парламентке көмекші жұмысына алғызған деген ақпарат жариялаған. Фийонның отбасы мүшелері парламентте көмекші болып істеген бе, әлде тек еңбекақы алып отырған ба – ол жағын қазір тергеушілер анықтап жатыр.

Францияда президент сайлауының алғашқы туры сәуірдің 23-іне тағайындалған.

XS
SM
MD
LG