Accessibility links

Швецияда Ресей азаматы "парақорлық" күдігімен ұсталған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Bombardier компаниясының Швециядағы бөлімінде қызмет істейтін Ресей азаматы швед сотының шешімімен тұтқындалған. Аты-жөні аталмаған бұл адамды «Панама құжаттары» аясында коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және ресейлік «Новая газета» басылымының зерттеу мақаласы жарияланғаннан кейін Швеция полициясы «пара алған» деген күдікпен ұстаған.

Швед полициясы Ресей мен Әзербайжандағы коррупциялық жолмен жасалған келісімдерге Bombardier компаниясы топ-менеджерлерінің де қатысы болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Ресейде 1990-жылдардың соңынан бастап жұмыс істейтін канадалық Bombardier машина құрастыру компаниясы Ресейге темір жол желісіне қажетті микропроцессорық жүйелер өткізеді.

«Новая газетаның» ақпараты бойынша, осы компанияның Ресейдегі еншілес кәсіпорны «Ресей темір жолдары» компаниясының бұрынғы басшысы Владимир Якуниннің жақын серігінің ұлы Алексей Крапивинмен байланысы бар офшорлармен «күмәнді келісімдер» жасасқан.

Панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының миллиондаған құпия құжаттары әшкереленгені туралы былтыр сәуір айында көпшілік хабардар болған еді. Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) баяндамасында 72 қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары, сонымен бірге жоғары лауазымды шенеуніктер, бизнесмендер мен мәдениет қайраткерлерінің мәмілелері мен құпия офшорлық есепшоттары туралы айтылған. «Панама құжаттарында » өзгелермен бірге Ресей президенті Владимир Путиннің жақын досы, виолончелист Сергей Ролдугиннің де есімі аталған.

XS
SM
MD
LG