Азаттықтың Беларусь редакциясының тілшісі Галина Абакунчикті Ворша қалалық соты рұқсат берілмеген митингке қатысты деп айыптап, 300 доллар көлемінде айппұл салды. Журналист сотта айыбын мойындаған жоқ және 12 наурызда өзін арамтамақтарға салық салуға қарсы наразылық акциясынан хабар таратып жүрген жерінде ұстағанын айтты. Абакунчиктің сөзінше, милицонерлер өзін қызметтік куәлігін көрсетуге де мұршасын келтірмей тұтқындап, милиция бөлімінде журналист екенін айтқанына қарамастан бірнеше сағат ұстаған.
12 наурызда Воршада белсенділер және оппозиционерлермен бірге БАҚ-тың бірнеше өкілі де ұсталған. Сол күні қалада президент Александр Лукашенконың "әлеуметтік паразиттер" деп сипатағандарға салық салуға қарсы демонстрация өткен. Демонстрацияға қатысқандар 9 наурызда Лукашенко салықтың күшіне енуін 2018 жылға дейін тоқтату туралы жарлық шығарғанына қарамастан салықты жоюды талап етіп,акцияларын жалғастырған.