Қарағанды облыстық сотының судьясы Жанат Егембердиева "жала жапты және жеке өмірге араласты" деп айыпталған Николай Кравец (жергілікті журналист ) пен оны сотқа берген Бақтыбай Жүнісовті (Орталық Қазақстан академиясының ректоры) татуласуға шақырды.
Ректордың өкілі "айыпталушы кешірім сұрап, айтқан сөзін терістесе ғана татуласу мүмкін екенін" мәлімдеді. Ал журналист "Жүнісовтің үйіне ұры түскені жайлы мақаланы жазған кезде ресми дерекке сүйенгенін" айтып, өзін кінәсізбін деді.
Журналист Николай Кравец сотқа Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы мен өзінің бұрынғы басшысын куәгер ретінде шақыруды өтінді. Судья Жанат Егембердиева оның екінші өтінішін ғана қанағаттандырды. Судья тараптарға жарыссөзге дайындалуға мұрсат бере отырып, оларды тағы да татуласуға шақырды.
Сотқа журналист Николай Кравец жазған мақала себеп болған. Бақтыбай Жүнісов "үйімнен Кравец жазғандай Фаберже жұмыртқасы емес, Фаберже жұмыртқасы бейнеленген банк монетасы ұрланған" деп мәлімдейді. Ол "ұрылар 1 миллион 200 мың долларлық жақұтты әкетті" деген сөзді де жоққа шығарып, ондай құнды тасы болмағанын айтты. Ректор журналистің облыстық прокуратура мен мемлекеттік кіріс департаментіне хат жазып, "Бақтыбай Жүнісовтің шетелде есепшоттары бар ма, оны жемқорлыққа байланысты тексере ме?" деп сұрағанына да наразы.
Николай Кравец арнайы органдарға жолдаған сауалына жауап алмаған. Ол мақаласына қатысты жанжалдан кейін жұмыстан шығып қалғанын айтады.