Ақтөбеде полиция Әлия Молдағұлова даңғылының бойында жергілікті тұрғынды кепілге алған ер адамның көзін жойды деп хабарлады бүгін Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары Арыстанғани Заппаров брифингте.
Оның сөзінше, оқиға 14 наурыз күні сағат 19 шамасында Молдағұлова даңғылында орналасқан стоматологияда басталған. Полицияға осы стоматологияда белгісіз ер адамның стоматология администраторы, 1991 жылы туған азаматшаны кепілге алғаны туралы хабар түскен.
Полиция оқиға орнына жеткенде кепілге алған 1993 жылы туған ер адамның ажырасып кеткен бұрынғы әйелін сол жерге жеткізуді талап еткен. Бұдан соң облыстық ІІД, Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасының басшылығы және Ақтөбе прокуроры кепілге алған адаммен кепілдегі адамды босату жайында бес сағат келіссөз жүргізген. Оқиға орнына кепілге алған адамның туыстары да жетіп, одан кепілдегі қызды босатуды сұраған. Бірақ ол нәтиже бермеген соң полиция қызметкерлері қару қолданып, кепілге алған адамның көзін жойған. Кепілдегі қыз аман-есен босатылған.
Заппаровтың сөзінше, оқиға барысында көзі жойылған адамның бұл оқиғадан бірер сағат бұрын бұрынғы қайын енесінің үйіне барып, оған пышақ салып, ауыр жаралағаны анықталған. Заппаров ер адам кепілге алу кезінде бұрынғы әйелін өлтіретінін де айтты дейді.
Бұл қылмыстар бойынша қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-тарауы бойынша ("адам денсаулығына қасақан орташа ауырлықты зиян келтіру")" және 261-бабының 2-бөлігі бойынша ("қару қолданып кепілдікке алу") іс қозғалған. Көзі жойылған адамның ішімдік ішіп, наша шеккені, я шекпегенін сараптама анықтап жатыр