Accessibility links

Батырбековті журналистикадан 10 жылға шеттетуді тағы сұрады


Журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласы, 21 қыркүйек 2016 жыл.
Журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласы, 21 қыркүйек 2016 жыл.

Бүгін Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков пен прокурор Нұрлан Сапаровтың апелляциялық шағымын қарауды жалғастырды.

Сотқа Амангелді Батырбеков пен оның қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұратова, адвокаты Үлвира Үсенова және он шақты жақтаушысы, жәбірленуші прокурор Нұрлан Сапаров, айыптаушы прокурор Айдар Жүнісбеков қатысты.

Сотта әуелі сөз алған прокурор Жүнісбеков Батырбековті үш жылға журналистік қызметтен шеттетуді сот алқасынан сұрады. Ал жәбірленуші прокурор Сапаров оны қызметінен 10 жылға шеттетуді сұрады.

Батырбековтің адвокаты Үсенова іспен таныса келе «қорғауындағы журналистің айыбы жоқ екенін, жазған мақалаға қатысты деректері болғандықтан оны қылмыстық кодекстің 411-бабының 3-бөлігі бойынша айыпты деп тану негізсіз екенін» айтты.

Қоғамдық қорғаушы Гүлзада Баймұратова да адвокаттың сөзін қуаттайтынын, Батырбековтің ақталып шығатынына үмітті екенін айтты.

Журналист Амангелді Батырбеков облыс прокуроры Имановты неліктен сотқа куәгер ретінде шақыру керек екенін айтты. Ол «кейін жазған мақалаға байланысты сотты болып отырғанын, бірақ мақалада келтірген әрбір сөзге дәлелі бар екенін» айтып, сот алқасына сол дәлелдемелерін ұсынды. «Прокурор Сапаровтың мақсаты – мені журналистік қызметтен шеттету» дейді журналист Батырбеков.

Бір сағатқа созылған сот отырысының соңында алқа төрағасы судья Зиядинхан Пірниязов істі қарауды 29 наурызға қалдыратынын мәлімдеді.

Сарыағаш ауданын тұрғыны, оған дейін бір рет сотталған Амангелді Батырбеков қаңтарда рақымшылықпен босап шыққан. Бір іс бойынша екі рет сотталған белсенді рақымшылыққа разы болмай, «толық ақталуым керек» деп біледі.

XS
SM
MD
LG