Accessibility links

Мәскеу түрмесінде "Роскосмос" экс-директоры өлі күйде табылған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мәскеу қаласының 5-тергеу абақтысында тұтқында отырған ресейлік «Роскосмос» ғарыш компаниясының бұрынғы атқарушы директоры Владимир Евдокимовтың жансыз денесі табылған деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Евдокимовтің қазасы туралы ақпаратты қоғамдық бақылау комиссиясы мүшесі Ева Меркачева растаған. Ресми орындар әзірше тұтқын Владимир Евдокимовке қатысты түсініктеме берген жоқ.

Ресей ақпарат агенттіктері құқық органдарындағы дерек көздеріне сілтеме жасап, «Евдокимов өзіне қол салған» деген ақпарат таратып жатыр. РЕН ТВ телеарнасы өз сілтемелеріне сілтеп, марқұмның денесіне түскен «үш жарақат ізі» туралы хабарлады.

Владимир Евдокимов өткен жылы желтоқсанда тұтқындалып, оған «аса ірі көлемде алаяқтық жасаған» деген айып тағылған. Тергеу болжамы бойынша, 2000 жылдардың басында ол басқа төрт күдіктімен бірге «МиГ» ұшақ құрастыру корпорациясына қарасты ғимараттар кешенін заңсыз жекешелендіріп алған.

Евдокимов өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан, «Роскосмос» басшылығы оны тұтқыннан босатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG