Францияның Ле-Верне қаласында 2015 жылы Germanwings әуе компаниясына тиесілі Airbus A320 ұшағы Альпі тауларына құлаған кезде қаза тапқандарға ескерткіш ашылды. Ұшақ апатынан 150 адам опат болған.
Алтын түстес ескерткіш бес метрлік шар пішінінде жасалған. Ішінде кристалл формасындағы цилиндрдің ішінде ағаштан әзірленген кішкентай шарлар бар. Олардың ішіне ұшақ апаты құрбандарының туыстары қаза болғандар туралы естеліктерін жазып қалдырады.
2015 жылғы наурыздың 24-і күні Барселонадан Дюссельдорфқа ұшып бара жатқан Germanwings әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Альпі тауларына құлаған. Ұшақтағы 150 адам түгелдей қаза тапқан, олардың арасында Қазақстан азаматтары да болған. Апат аймағынан табылған ұшақтың «қара жәшіктеріндегі» жазбаларды зерттеу көрсеткендей, ұшақ капитаны кабинадан шыққаннан екінші ұшқыш есікті ішінен бекітіп алып, ұшақты Альпі тауларына құлатқан. Апат құрбандарының туыстары АҚШ-тағы ұшқыштар мектебін және екінші ұшқыштың денсаулық жағдайын тексерген дәрігерді сотқа берген.
Германия прокуратурасы апатқа екінші ұшқыш кінәлі деген қорытынды жасаған. Тергеушілер Germanwings әуе компаниясы да, Германия әуе қозғалысын басқару жөніндегі федералдық мекемесі де ұшақ апаты үшін жауапты емес деп санайды.