Қырғызстандағы оппозициялық "Ата Мекен" партиясының тағы бір жетекшісі Алмамбет Шыкмаматовқа "коррупцияға қатысы бар" деген айып тағылды. Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) 27 наурызда парламент депутаты Шыкмаматов бұрын есеп палатасын басқарып тұрғанында "2011 жылы жасалған коррупциялық қылмысқа қатысы бар" деген күдікке ілінгенін хабарлады. Қазір Шыкмаматовтан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.
"Ата Мекен" төрағасының міндетін атқаратын Шыкмаматов - осы партияның қылмыстық қудалауға ұшыраған бес жетекшісінің бірі. "Ата Мекеннің" жетекшісі, парламенттің бұрынғы спикері Омурбек Текебаев ақпанның соңында "пара алды деген сезікпен ұсталып, тергеу аясында екі айға қамалған. Текебаевтың жақтастары оған қарсы қылмыстық қудалауды саясаткерді биыл қарашада өтетін президент сайлауы кампаниясына қатыстырмау әрекеті деп санайды. Қолданыстағы заң бойныша, іс басындағы президент Алмазбек Атамбаев президент сайлауына түсе алмайды. Бірақ Атамбаевты сынайтындар ол билікте өткен жылы желтоқсандағы референдумда мақұлданған конституцияға өзгерістер енгізу арқылы билікте қалуды көксейді деген пікірде.