Польша биылғы жылдың соңына дейін АҚШ-тан сегіз «Пэтриот» зымыран жүйесін сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы жұма күні мәлімдеген Польша қорғаныс министрі Антонин Мацерович 7,8 миллиард долларға бағаланатын келісімнің қажеттігін «шығыстан төнетін қауіптің ұлғайып отырғандығымен» түсіндірген. Оның сөзінше, әуе шабуылынан қорғану жүйелері «Польша мемлекетінің қауіпсіздігіне кепілдік беруге мүмкіндік туғызады».
Польша қорғаныс вице-министрі Бартош Каунацки зымыран жүйесі елдің солтүстік-шығысындағы шекарасы тұсында, Ресейдің Калининград облысында орналасқан ресейлік зымырандардан қорғануға көмектеседі деп мәлімдеген.
«Пэтриот» зымыран жүйесін шығаратын Raytheon компаниясының өкілі Билл Шмидер келісім әлі толық аяқталмағанын айтты.
«Барлығы бітті деуге әлі ерте. Бірақ бұл процесс қалыпты режимде өтеді деп үміттенеміз» деген ол журналистерге.
Келісім америкалық озық әскери технологияларға қатысты болғандықтан оны АҚШ Конгресі мақұлдауы қажет.
Сонымен бірге Польша қорғаныс министрлігі 524 миллион долларға америкалық Boeing 737-800 ұшағының үшеуін сатып алу туралы келісімге қол қойғаны туралы хабарлаған.
Ресей 2014 жылы Украинадан Қырым түбегін аннексиялап, Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистерге қолдау танытқаннан кейін Польша қарулы күштерін жетілдіру қарқынын үдеткен.