Accessibility links

Қазақстанда тасқын салдарынан төрт облыста жолдар жабылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанның төрт облысында көктемгі тасқын қаупіне байланысты жолдар жабылды деп хабарлайды мемлекеттік кәсіпорнына сілтеме жасаған «Қазақпарат» агенттігі.

Сәуірдің 1-күнгі мәлімет бойынша, Қарағанды облысында су тасқынына байланысты «Ақшатау-Ақадыр» жолында (90-167 шақырым) барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылған. Жолаушы шыққандарға «Қарағанды-Ақсу-Аюлы-Ағадыр» бағытымен айналма жол арқылы баруға тура келеді.

Шығыс Қазақстан облысында судың тасуына байланысты барлық автокөлік түрлеріне «Семей-Қайнар» тасжолының 8-166 шақырым аралығымен жүруіне тыйым салынған. Осы жолдың 27 шақырымын су шайып кеткен.

Павлодар облысындағы «Ленинск-Ақсу-Көктөбе-Үлкен Ақжар» тасжолының 186-220 шақырымы - Май кентінен Курчатов қаласына дейінгі учаскесінде тасқын су көлік қозғалысын бөгеген.

Осындай жағдай Оңтүстік Қазақстан облысының «Самара-Шымкент» бағытындағы жолда (2217-2235 шақырым) да қалыптасып отырғаны айтылады. Арыс өзеніндегі көпірдің жағалық бекіністерін су бұзып кеткендіктен, автокөліктің барлық күрінің қозғалысына шектеу қойылған. Аталған елді мекендер арасында көлік қатынасы Темірлан ауылымен өтетін айналма жол арқылы жүріп жатыр деп хабарланды.

XS
SM
MD
LG