Санкт-Петербург метросындағы терактіге қатысты іс бойынша жеті адам ұсталды деп хабарлады Ресейдің тергеу комитеті. Олардың алтауы Санкт-Петербургте, біреуі Мәскеуде ұсталған.
Тергеу комитетінің мәліметінше, ұсталғандардың пәтерлерін тінту кезінде 3 сәуірде метроның "Площадь Восстания" алаңына қойылып, жарылмай қалған бомбаға ұқсас жарылғыш құрылғы табылған. Ұсталғандардың терактіге қандай қатысы бары айтылмайды.
Кеше Санкт-Петербургтегі үйлердің бірінде жарылғыш зат табылып, залалсыздандырылған. Сонымен қатар Орталық Азиядан шыққан үш адам ұсталған. Тергеушілердің мәліметінше, метродағы терактіні Қырғызстанда туған, Ресей азаматтығын алған Акбаржон Джалилов жасаған.
3 сәуірде Санкт-Петербург метросының вагонында жарылыс болып, 14 адам қаза тауып, 50-ге тарта адам жараланған. Құрбандардың бірі - осы қалада оқитын қазақстандық студент Максим Арышев.
Әзірге шабуыл жауапкершілігін ешкім мойнына алған жоқ. Мәскеу мен Санкт-Петербургте 5-6 сәуірде теракт құрбандарын еске алу акциялары болды.