Accessibility links

Лондонда Шешенстанда "гейлерді қудалап жатқанына" қарсылық танытты


Лондондағы Ресей елшілігі (Көрнекі сурет).
Лондондағы Ресей елшілігі (Көрнекі сурет).

Лондонда 12 сәуірде жүздеген адам Ресей елшілігі алдына жиналып, Шешенстанда "гейлерді азаптап, өлтіру" оқиғаларына қарсылық танытты. Бұған дейін ресейлік БАҚ пен құқық қорғау ұйымдары Шешенстанда гомосексуалистерге қарсы науқан басталғанын және гейлерді "концентрациялық лагерлерге" қамап жатқанын хабарлаған. Кейбір ақпараттарға қарағанда, бұл лагерлерде жүз шақты адам ұсталып отыр, кем дегенде үш адам қаза тапқан.

Лондонда ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) қауымдастығын бейнелейтін ту ұстаған демонстранттар "Лагерлерді жабыңдар" деп ұрандатып, акция өткізген орынға қызғылт гүлдер қойды. Акция жанынан өтіп бара жатқан көліктер оларды қолдайтынын білдіріп, сигнал берді. "Бізбен бірдей құқықтары жоқ адамдарды қорғағанымыз жөн" деді наразылықты ұйымдастырушы Стив Тефлор Reuters агенттігіне. Шешенстанда жыныстық азшылық өкілдеріне қарсы қуғын-сүргінді тексеруді сұраған онлайн-петицияға 70 мыңға тарта адам қол қойған.

Шешенстандағы жыныстық азшылық өкілдері мен оған күдіктілерді жаппай қуғындау кампаниясының басталғаны жайлы 1 сәуірде ресейлік "Новая газета" хабарлаған. Басылымның ақпаратына қарағанда, Шешенстан билігі гомосексуалистерді "тазалап" жатыр. Шешенстан ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты "бірінші сәуір күнгі әзіл" деп атады. Ал Шешенстанның Кремль қолдайтын басшысы Рамзан Қадыров өзі басқаратын республикада "гомосексуалистер жоғын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG