Accessibility links

Алматы маңындағы тауда екі қар көшкіні жүрді


Алматы төңірегіндегі тау бөктерлері (Көрнекі сурет).
Алматы төңірегіндегі тау бөктерлері (Көрнекі сурет).

Алматы маңындағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортында бүгін таңертең екі жерде қар көшкіні болды деп хабарлады мемлекеттік селден қорғау мекемесіне сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің қалалық эксплуатация бөлімінің жетекшісі Ринат Әміржанов бірінші қар көшкіні Тұйықсу шатқалына кіреберістегі жолға жақын таңертеңгі сағат 9 шамасында болғанын айтқан. Бұл аумақта шамамен 25 мың текше метр қар көшіп, бес електр бағанасын зақымдаған. Көшкіннен ешкім зардап шекпеген.

Екінші қар көшкіні Мыңжылқы бөгетінің маңында алғашқы қар көшкінінен бір сағаттай кейін болған. Бұл маңда шамамен екі жарым мың текше метр қар көшкен. Қазір шипажай мен шатқал арасындағы жолды қардан тазалау жұмыстары басталған. Сонымен қатар "Медеу" спорт кешенінен жоғары кететін жол және Үлкен Алматы көліне апаратын жол уақытша жабылған.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына қарағанда, Алматы маңындағы тауларда көшкін жүру қаупі 17 сәуірге дейін сақталады. Төтенше жағдай қызметі азаматтарды таудың қар басқан тік беткейлеріне шықпай қоя тұруға шақырады.

XS
SM
MD
LG