Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданы мен Айыртау аудандарындағы алты ауылды жерлерде су басқан үй саны 259-ға жетті деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті. 16-17 сәуір аралығында екі аудандағы бірнеше ауылды су басып, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды.
Соңғы мәлімет бойынша, Айыртау ауданындағы Бабық-Бұрлық өзені тасуы салдарынан Константиновка ауылындағы 12 жеке үй-жайдың аулаларын су басып, 10 үйге су кірген. Эвакуацияланған тұрғындар саны 27 адам, олардың үшеуі "Константиновка-2004 орта мектебіне, 24-і туыстарына уақытша қоныстанды. 30-ға жуық ірі қара мал қауіпсіз жерге көшірілді. Гусаковка ауылында 26 ауланы су басып, 14 үйдің ішіне су кірген. 12 үйге су басу қауіпі төніп тұр.
Кеше Ғабит Мүсірепов ауданында Жембарақ, Аққанбұрлық және Шарық өзендері тасып, Рузаев, Чистополье және Раисовка ауылдарында барлығы 237 үйді су басқаны хабарланған. Бұл ауылдардан барлығы 700-ден астам адам қауіпсіз жерлерге көшірілген.