Accessibility links

"Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысы құрылғаны хабарланды


Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.
Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.

Шетелде тұратын бірнеше қазақстандық белсенді жалпыазаматтық "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құрғанын шағын видео арқылы мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде тараған видеода "қозғалыстың" құрылғаны жайлы бұрынғы банкир, шетелде қуғында жүрген оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов пен бірнеше белсенді сөйлейді. Видеомен бірге "қозғалыстың" мақсат-міндеттері жазылған қысқа мәтін де тарап жатыр.

Мәтіннің соңында Мұхтар Әблязовтің аты-жөнінен өзге, Германияда тұратын режиссер Болат Атабаев, Украинада тұратын белсенді Айдос Садықов және шетелде тұратын белсенді Айнұр Құрмановтың аты-жөндері жазылған.

Мәтінде "Біз Қазақстанның саясаты мен экономикасын түбегейлі өзгертуіміз қажет. Біз парламенттік республика орнатуымыз керек және заңды әділ сайлау жүйесі арқылы халық сайлаған депутаттар қабылдауы тиіс" деп жазылған. Бұдан ары мәтінде "Бір адамға ғана қызмет жасайтын емес, керісінше халық алдында есеп беретін және халық үшін жұмыс істейтін үкіметі бар Республика құрамыз. Біз экономикамызды әртараптандырып, дүние жүзі экономикасына тек шикізат беруші ел болудан құтылуымыз керек" деген мақсаттар жарияланған.

Мәтінде аты-жөні жазылған адамдардың барлығы дерлік Қазақстанда саяси белсенділіктері үшін қуғынға ұшыраған, сол себепті елден кеткен азаматтар. Мұхтар Әблязов БТА Банктегі қаржы жымқыруға қатысты қылмыстық іс бойынша "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "БТА Банкі қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" баптары бойынша күдікті деп танылған. Францияда 2013 жылдың жазынан бастап үш жылдан астам қамауда болған Әблязов 9 желтоқсан күні бостандыққа шыққан еді. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және істің саяси астары бар деп таниды.

Қазақстанда "Қазақстан демократиялы таңдауы" (ҚДТ) деп аталатын оппозициялық қозғалыс бұрын болған. 2001 жылы ҚДТ қозғалысын құрған сол кездегі жоғары лауазымды жас шенеуніктер Мұхтар Әблязов, Ғалымжан Жақиянов, Ораз Жандосов, Әлихан Бәйменов, Жанат Ертілесова, Берік Имашев, Нұржан Сұбханбердин, Нұрлан Смағұлов, Төлен Тоқтасынов мемлекет басшылығынан демократиялық реформаларды тереңдетуді, ал президент Назарбаевтан күйеубаласы Рахат Әлиевті "жуасытуды" талап етті. Қозғалыс кейіннен тарап кеткен еді.

XS
SM
MD
LG