АҚШ-тың Сиэтл қаласының федералдық соты ресейлік хакер Роман Селезневті кредит карталарының нөмірлерін ұрлағаны үшін айыпты деп танып, 27 жылға бас бостандығынан айырды.
Вашингтон штаты Батыс округінің прокуратурасы сәуірдің ортасында судья Ричард Джонсқа тапсырған 35 беттен тұратын өтінішінде Роман Селезневке 30 жыл түрме жазасын тағайындауды сұраған еді.
Бұған дейін АҚШ-та сотқа тартылған хакерлерге осыншама көп жылдық жаза мерзімі тағайындалған емес. Мысалы, украиналық хакер Роман Вега 18 жылға сотталған, сыбайластарымен бірге 45 миллион кредит карталарының деректерін ұрлағаны үшін америкалық Дэвид Кеймез бен Альберто Гонзалесті әрқайсысын 20 жылға бас бостандығынан айырған.
Прокуратура Селезнев тіпті өмірлік түрме жазасын алуға лайықты деп санайды. АҚШ алқабилер соты Селезневті 38 қылмысқа айыпты деп таныған.
Роман Селезнев – Ресей мемлекеттік думасының депутаты, АҚШ саясатын қатты сынайтын Валерий Селезневтің ұлы.