Accessibility links

"АрселорМиттал Теміртаудың" кеншілері жалақысын көтеруді талап етті


Марат Миргоязов, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы көмір кеніші жұмысшыларының "Қорғау" кәсіподағының төрағасы.
Марат Миргоязов, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы көмір кеніші жұмысшыларының "Қорғау" кәсіподағының төрағасы.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының Қарағандының бірнеше қаласындағы (Қарағанды, Абай, Саран, Шахтинск) көмір шахталарында жұмыс істейтін жұмысшылары жалақыларын 30 пайызға көтеруді талап етті. Бұл туралы бүгін журналистерге кеншілердің "Қорғау" кәсіподағының төрағасы Марат Миргоязов хабарлады.

Миргоязовтың Азаттыққа хабарлауынша, жалақыны 30 пайызға көтеру туралы талап қоюды кеншілер ортақтасып ұйғарған. Талап кеншілерге ғана емес, компанияның көмір өнеркәсібімен байланысты барлық жұмысшыларына да қатысты қойылып отыр.

- Жалақының соңғы рет жай ғана индексация жасау түрінде емес, шынайы түрде көтерілгеніне талай жыл болды. Біз жалақыны көтеруді талап етеміз. Қазір шахтерлердің орташа жалақысы 220 мың теңгені құрайды. Бұл сомадан зейнетақы жарнасы мен табыс салығын алып тастайды. Жалақыны көтеру туралы талап қоюымыздың себептері жеткілікті. Компания қазір сірә, табысын жұмысшылармен бөлісетіні туралы уәдесін ұмытып кеткен сияқты. Біз мұны енді еске салып отырмыз, - деді Марат Миргоязов Азаттыққа.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының Қарағанды облысындағы сегіз көмір кенішінде сегіз мыңға тарта кенші жұмыс істейді. Көмір департаментімен байланысты зауыттар мен кеніштердегі жалпы жұмысшы саны - 13 мыңға таяу.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы әзірге кеншілерден жалақыларын 30 пайызға көтеруді талап ететін ресми хат алмағандарын айтады.

Ақпан айында "АрселорМиттал Теміртау" 2016 жылы бір жылдық өндірістік жоспарының асыра орындалғанын және өндіріс көлемін арттырып, модернизацияға инвестиция салу туралы жоспары барын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG