Петропавл іргесіндегі Былғары зауыт шағын ауданында Есіл өзенінің тасуынан жүзден астам үйді су басты деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Қалада төтенше жағдай жарияланып, тұрғындарды эвакуациялауға басқа өңірлерден де құтқарушылар жұмылдырылып жатыр.
Су басқан ауданға барған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Есіл өзеніндегі сыйымдылығы 693 миллион текше метр болатын Сергеев су қоймасы қазір 1 миллиард 133 миллион текше метрге дейін толып, салдарынан Есіл өзеніндегі су көтерілгенін айтады. Тұрғындардың сөзінше, Былғары зауыты шағын ауданына су таңғы сағат төрттен келе бастаған, қазір 105 үй суда тұр.
Әкімнің сөзінше, су қоймасына жаңадан салынған бөгет суды бөгеп тұрғанымен, оның күші жеткіліксіз.
- Өзен маңында орналасқан үйлерді қорғау үшін кемінде 4 километрге жететін бөгет жасау керек. Қазір бізде 1 километр 700 метр бөгет қана бар, - дейді облыс әкімі.