Accessibility links

Жанболат Мамайдың жақтастары оған қолдау хатын тапсырмақ


Жанболат Мамайды қорғау комитетінің мүшелері журналисті Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күнімен құттықтауға жиналды. Алматы, 3 мамыр 2017 жыл.
Жанболат Мамайды қорғау комитетінің мүшелері журналисті Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күнімен құттықтауға жиналды. Алматы, 3 мамыр 2017 жыл.

Алматыда бүгін ақпан айынан бері қамауда отырған "Трибуна. Саяси қалам" газетінің бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамайды қорғау комитеті СИ-8 абақтысының алдына жиналып, журналисті Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күнімен құттықтады. Жиналғандар арасында Мамайды қорғау комитетінің мүшелері - журналистер Гүлжан Ерғалиева, Инга Иманбай, Рысбек Сәрсенбай, құқық қорғаушылар Ерлан Қалиев, Тамара Калеева, Маржан Аспандиярова, Андрей Свиридов, Евгений Жовтис, Асхат Берсәлімов бар.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, комитет мүшелері Жанболат Мамайды баспасөз еркіндігін қорғау күнімен құттықтап, оған қолдау білдіріп, қорықпауға, бекем болуға шақырған хат жазды. Бұдан соң ол хат пен Мамайға әкелген азық-түліктерін тапсыру үшін Евгений Жовтис пен Инга Иманбай абақтыға кіріп кетті.

Гүлжан Ерғалиева Азаттыққа берген комментариінде белсенділердің абақтыға Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні "себепсіз қамауда отырған" Жанболат Мамайға қолдау көрсетуге келгенін айтты.

Жиналғандардың іс-қимылын бақылауға келген Алматы қалалық әкімдігінің қызметкерлері белсенділерге бұл әрекеттерінің акция екенін және оған рұқсат берілмегенін айтты. Бірақ комитет мүшелері акция өткізіп жатпағанын, себебі ешкімге ешқандай талап қоймағандарын айтты.

Жанболат Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева Жанболатты соңғы рет 27 сәуірде, оны қамау мерзімін ұзарту туралы сот отырысында көргенін айтты. Балғабаеваның айтуынша, осы аптаның соңында Алматы соты Мамайдың тергеушілердің өзіне қатысты іс-әрекетіне шағымын қарамақ.

Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің редакторы міндетін атқарушы 28 жастағы Жанболат Мамайды бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің ұйымдастыруымен "БТА Банктен" ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Ақпанның 11-інде сот шешімімен екі айға қамалған Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамайды. 2009 жылдан бері Еуропада жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

27 сәуірде сот Мамайды қамау мерзімін 10 маусымға дейін ұзартқан.

Мамайды қорғау комитеті журналист абақтыда өзін соққыға жыққаны туралы хабарлаған соң құрылған.

XS
SM
MD
LG