Ресейдің Екатеринбург қаласының Верх-Исетский аудандық соты бүгін блогер, православ шіркеуінде Pokemon Go ойынын ойнағаны үшін жауапкершілікке тартылған Руслан Соколовскийді үш жылға шартты түрде соттап, еңбекпен түзеу жазасын кесті.
Азатықтың Орыс редакциясының хабарлауынша, сот Соколовскийді дін ұстанушылардың сезімін қорлады деп айыптайды. Ол сонымен қатар "патриарх Кириллдің мәлімдемелері оның шынайы өмір сүру образына сай келмейді" деген пікірі үшін "дінбасыға деген жеккөрініштілік тудырды" деп айыпталып отыр. Судья Соколовскийді еңбекпен түзеу жазасын айыптаушы тарап талап еткендей оны бас бостандығынан айрымай-ақ орындауға болатынын айтты. Прокуратура бұған дейін Соколовскийді үш жарым жылға соттауды сұраған.
Блогер өзіне тағылған айыпты мойындамайды.
Руслан Соколовский 2016 жылы әлеуметтік желіде Екатеринбургтегі храмда смартфонына орнатылған Pokemon Go! ойынын ойнағаны туралы видео жариялаған соң ұсталған. Ол үйқамаққа алынғанға дейін абақтыда қамауда отырған. Ол абақтыда өзіне қысым жасалғанын мәлімдеген.
"Мемориал" құқық қорғау орталығы Соколовскийді саяси тұтқын деп таныған.