Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Түркістандағы сазды-драма театрына Райымбек Сейтметовтің есімі берілді

Бүгін Түркістан қаласының сазды-драма театрына халық әртісі Райымбек Сейтметовтің есімі берілді.

Түркістан қаласының сазды-драма театрына Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтің есімі берілуіне орай ұйымдастырылған мәдени іс-шара барысында театр ғимараты алдында Райымбек Сейтметовке арналған тақтайша қойылды.

Шараға қатысқан шенеуніктер мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлының хатын оқып, театр ұжымын театрға жаңа есім берілуімен құттықтады.

2000 жылдың 9-наурызында ашылған Түркістан драма театрының алғашқы көркемдік жетекшісі болып Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Халық әртісі, Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының иегері, профессор Райымбек Сейтметов тағайындалған болатын.

Басқа да жаңалықтар

Солтүстік Корея биыл Ресейге тағы үш мың сарбаз жіберген

Биыл қаңтар және ақпан айларында Солтүстік Корея Ресейге Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін қосымша 3 мыңдай әскери қызметкер жіберген. Бұл ақпаратты Оңтүстік Кореяның әскери қолбасшылығының дерегіне сүйеніп, Associated Press агенттігі хабарлады.

Оңтүстік Кореяның Біріккен штаб бастықтары комитетінің мәліметі бойынша, Пхеньян сондай-ақ Ресейге қару-жарақ, оның ішінде зымырандар, артиллериялық қондырғылар мен оқ-дәрілер жөнелтіп жатыр. Олардың көлемі майдандағы жағдайға байланысты артуы мүмкін. Ресейге жөнелтілген әскери техниканың ішінде "елеулі мөлшерде" қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандар, ұңғысы 170 мм өзі жүретін гаубицалар және 240 мм снаряд ататын реактивтік қару жүйесінің 220 данасы бар деп жазды агенттік.

Бұған дейін Ресейге 11 мыңға жуық сарбаз жіберген Солтүстік Корея өткен ғасырда болған Корей соғысы (1950-1953) кезінен бері ірі қарулы қақтығыстарға алғаш рет қатысып отыр. Оңтүстік Кореяның әскери басшылығының бағалауы бойынша, Пхеньян Ресей жағында соғысуға жіберген сарбаздардың шамамен 4 мыңы қаза тапқан немесе жараланған.

Солтүстік Корея сарбаздары арасында шығынның көп болуы олардың қазіргі заманғы соғысқа дайын болмағандығымен, әсіресе дрон қолдану тәжірибесінің жоқтығымен байланысты. Сонымен бірге, Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметінің мәліметі бойынша, ресейлік командирлер солтүстіккореялықтарды шабуылға салғанда жеткілікті деңгейде оқ жаудырып қолдау көрсете алмаса да жұмсай береді. Соған қарамастан, солтүстіккореялық жауынгерлер соғысқа қатыса жүріп маңызды әскери тәжірибе жинақтағанын және Курск облысындағы қақтығыстар кезінде Ресей армиясының Украина қарулы күштерін әлсірету стратегиясында маңызды рөл атқарғанын украин әскери қызметкерлері мен барлау қызметтері айтып отыр.

AP агенттігі сілтеме жасаған есеп өткен аптада Пхеньянда Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ын Ресейдің қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгумен кездескенде, Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысын қолдайтынын тағы да мәлімдегеннен кейін жарияланды. Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат құралдары Ким мен Шойгу былтыр қол қойылған стратегиялық серіктестік туралы екіжақты келісімге адалдығын тағы да растады деп хабарлады.

Der Spiegel: Трамптың кеңесшілерінің жеке деректері интернетте жүр

АҚШ президенті Дональд Трамптың қауіпсіздік мәселелері бойынша негізгі кеңесшілерінің жеке деректері интернеттен табылады, деп жазды Германияның Der Spiegel журналы.

Басылымның мәліметінше, Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц, Ұлттық барлау қызметінің басшысы Тулси Габбард және қорғаныс министрі Пит Хегсет пайдаланған ұялы телефон нөмірлерін, электрон пошта мекенжайын, кейбір жағдайда кілтсөздерді де коммерциялық іздеу жүйелері мен желіге енген деректер базалары арқылы табуға болады.

Der Spiegel әлгі телефон нөмірлері мен электрон пошта мекенжайының көбі қазіргі уақытта да істеп тұр, олар кейде Instagram мен LinkedIn желілеріндегі профильдерді, Dropbox дерек сақтау қызметін, сондай-ақ қолданушының қай жерде екенін бақылайтын қосымшаларды пайдаланған кездері қолданылған деп жазды.

Бұған қоса басылым Габбард пен Уолцтың телефон нөмірлері WhatsApp және Signal мессенжерлеріндегі аккаунттарға байланғанын айтып отыр.

Der Spiegel аты-жөні аталған ресми тұлғалардың үшеуінен де пікір сұрағанын, бірақ әзірге жауап ала алмағанын хабарлады. АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесі неміс басылымы жазып отырған Майк Уолцтың тіркеу деректері мен кілтсөздері 2019 жылы өзгертілген деп мәлімдеді.

Бұл материал АҚШ үкіметі қызметкерлерінің жария етуге жатпайтын ақпаратпен жұмыс істегенде ондай мәліметтердің қауіпсіздігі жеткілікті дәрежеде қорғалып отыр ма деген күдікті күшейтеді. Бұған дейін Ақ үй қызметкерлерінің Signal мессенжерінде өзара жазған хабарламалары жұртқа тарап кетіп, үлкен дауға қалған.

  • Signal мессенжеріндегі әлгі жазбаларды The Atlantic бас редакторы Джеффри Голдберг кездейсоқ білген. Ол өзін мессенжердегі топ адам отырған құпия чатқа біреу қосып қойған соң сондағы жазбаларды оқып отырып, Йемендегі ираншыл хуситтер тобына АҚШ тарапынан әуе шабуылын жасау жоспары талқыланғанына көз жеткізгенін кейін көпшілікке хабарлады.
  • Трамптың кеңесшісі Майк Уолц бұл жайтқа қатысты "толық жауапкершілікті" мойнына алатынын мәлімдеді. Fox News-ке берген сұхбатында ол Голдбергті мессенжердегі чатқа байқаусызда қателесіп қосқанын, өйткені оның телефон нөмірін басқа адамдікімен шатастырып алғанын айтып ақталды. Сонымен бірге Уолц Голдбергті "жексұрын" деп атап, оны шындыққа жанаспайтын ақпарат жариялады деп айыптады, оны "абырой-беделден жұрдай" және "президентті жек көретін" адам деп сипаттады.

Бессент: АҚШ пен Украина табиғи ресурстар келісіміне келесі аптада қол қоюы мүмкін

АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент
АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент

АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ пен Украина алдағы аптада табиғи ресурстар туралы келісімге қол қоюы мүмкін деп мәлімдеді.

"Біз экономикалық әріптестік туралы дайын құжатты тапсырып қойдық. Қазір ол құжатты Украина тарапы қарап жатыр, ал біз келесі аптада толымды келіссөз басталып, тіпті қол қойылуы мүмкін деген үміттеміз", – деді Бессент.

Ол айтып отырған келісімге биыл ақпан айының аяғында Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонға сапармен барған кезде қол қойылады деп жоспарланған еді. Алайда, Ақ үйдегі кездесу кезінде екі елдің президенттері сөз таластырып қалғаннан кейін құжатқа қол қойылмаған еді.

Сұхбат барысында Бессентке Ресейге қарсы санкциялар туралы сұрақ қойылды. Шенеунік санкцияларды күшейту немесе босаңсыту Ресейдің болашақ қадамдарына байланысты болмақ деп жауап қатты.

"Егер олай істеу президент Трампқа келіссөздерде артықшылық беретін болса, ол санкцияларды күшейтуден тартынбайды деп ойлаймын", – деді АҚШ-тың қаржы министрі.

Трамп бұған дейін Вашингтон Ресей ұсынған Қара теңіздегі бітімге қатысты келісім шарттарын қарастырып жатыр деп айтқан. Трамп бес я алты шарт жайлы сөз болып отырғанын растады. Кремльдің ресми сайтында жарияланған Ресейдің талаптары арасында Россельхозбанкті санкциялардан босату және оны SWIFT жүйесіне қосу туралы талап та бар, бірақ Еуропа одағының келісімінсіз оны орындау мүмкін емес.

Газа секторында ХАМАС тобына наразылар шеруі жалғасып жатыр

Газа секторының солтүстігінде АҚШ пен Еуропа Одағы террорлық ұйым деп таныған ХАМАС радикалды тобына наразы адамдар шеруі жалғасып жатыр. Наразылық орталығы Бейт-Лахия қаласында жүздеген адам көшеге шығып, "ХАМАС, кет!" деп айқайлаған. Наразылық митингілері Газа қаласында да өтіп жатыр.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, осы аптаның сейсенбі және сәрсенбі күндері наразылыққа жалпы саны екі мыңға жуық адам шыққан. Газа тұрғындары 17 айдан бері жалғасып келе жатқан Израильмен соғыстың аяқталуын талап етіп, ХАМАС-ты бейбіт шешімге келуден бас тартып отыр деп айыптайды.

Наразылық шеруіне шыққандар бұған қоса Газа секторындағы халықты бомбалап жатыр деп Израильді айыптады, оған қоса қақтығысты шешуде жеткіліксіз араағайындық жасады деп араб елдерін кінәлады.

ХАМАС құрылымдары наразылықтарға байланысты комментарий берген жоқ. Олардың медиа мен әлеуметтік желілерде наразылықтарды соғысқа қарсы деп сипаттап, фотосуреттер мен видеолар жариялаған. Бірақ оларда ХАМАС-ты биліктен шеттету талаптары көтерілгені жайлы ештеңе айтпаған.

Наразылықтар 18 наурызда Израиль Газа секторына қарсы әуе шабуылын қайта бастаған соң тұтанған. Израиль армиясы ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуыл кезінде кепіл ретінде алып кеткен адамдарды босатудан бас тартқаннан кейін Газада құрлықтағы операцияны қайта бастаған.

Оған дейін, қаңтар айынан бастап ХАМАС пен Израиль арасында атысты тоқтату режимі орнаған еді. ХАМАС кепілде ұстап келген 30-ға жуық адамды (кейбірінің мәйітін) Израильге қайтарған. Бірақ кейін Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздер тығыраққа тірелген.

Франция Украинаға екі миллиард еуроның әскери көмегін бермек

Эммануэль Макрон (сол жақта) мен Владимир Зеленский. Париж, 26 наурыз, 2025 жыл.
Эммануэль Макрон (сол жақта) мен Владимир Зеленский. Париж, 26 наурыз, 2025 жыл.

Франция Украинаға екі миллиард еуро көлемінде әскери көмек береді. Мұны 26 наурызда Париждегі Елисей сарайында Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдаған Франция президенті Эммануэль Макрон хабарлады.

Жаңа көмек пакеті аясында Украинаға танкіні жоятын зымырандар, Mirage әскери ұшақтарына арналған зымырандар, қашықтан басқарылатын оқ-дәрілер мен беренді техника беріледі. Бұған қоса, Макронның айтуынша, Франция Украинада қару-жарақ өндірісін дамытуға көмек көрсетіп жатыр.

Баспасөз мәслихатында Макрон Украинадағы соғысты аяқтауға бағытталған барлық бастамаларды, соның ішінде АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасын да қолдайтынын айтты. Алайда, оның сөзінше, атысты тоқтату Ресейге қарсы салынған санкциялар автоматты түрде жойылады дегенді білдірмейді. Франция президенті санкциялар Ресей Украинамен халықаралық деңгейде танылған шекараларға оралып, оккупацияланған аумақтардан бас тартқан жағдайда ғана алынады деп мәлімдеді.

Макрон қазіргі уақытта қарулы жанжалды реттеу талпынысы кезінде Киев пен Мәскеудің позициялары теңсіз жағдайда екенін атап айтты.

"Агрессияға ұшыраған мемлекет, атысты тоқтатуды ешқандай шартсыз қабылдауға қадам жасап жатыр, ал екінші жақтан басқыншы тарап оны қабылдамау үшін шарттар қояды", – Франция президенті қарсылас екі тараптың ұстанымындағы айырмашылықты осылайша сипаттады.

Макрон мен Зеленский Украинаға одақтас еуропалық мемлекеттер саммиті қарсаңында кездескен. 27 наурызда Парижде ашылатын саммитте жаңа одақтастар коалициясының жұмысы талқыланбақ. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесімен ең алдымен Еуропа айналысуы тиіс деп мәлімдеген болатын. Еуропа мемлекеттерінің өкілдері Киевті қолдаудың ары қарайғы шараларын, тезірек бейбітшілік орнату мәселесін және Украинаға бітімгерлік күштерін жіберу мүмкіндігін талқылайды.

Трамп: Ресей атысты доғару туралы келіссөзді сөзбұйдаға салып отырған болуы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей Украинамен атысты тоқтату туралы келісімге қол қоюды әдейі созып отырған болуы мүмкін деп мәлімдеді.

"Менің ойымша, Ресей мұны аяқтағысы келеді, бірақ, әдейі уақыт созып отырған болуы да мүмкін. Білесіз бе, мен көп жыл бойы осылай істейтінмін: "Келісімшартқа қол қоюға құлқым жоқ, ойыннан шыққым келмейтін кейіп танытам, бірақ, бұны жасағым келмейді". Толық сенімді емеспін. Дегенмен, Ресей бұл жағдайдың аяқталғанын қалайды деп ойлаймын", – Трамп мұны Newsmax-қа берген сұхбатында айтты деп хабарлады "Настоящее Время" арнасы.

Бұған дейін Трамп Ресей де, Украина сияқты, қақтығыс тезірек аяқталғанын қалайды деп есептейтінін бірнеше рет мәлімдеген еді.

Бұған қоса Трамп Ресейдің Қара теңізде атысты тоқтату туралы келісім күшіне енуі үшін Эр-Риядтағы келіссөздер барысында қойған талаптарын Вашингтон зерттеп жатқанын айтқан. Трамп Ресей тарапы бес я алты шарт қойғанын растады. Бұған дейін Ресейдің талаптары Кремльдің ресми сайтында жарияланған, олардың арасында Россельхозбанк мекемесіне салынған санкцияны алып тастау және оны SWIFT жүйесіне қосу туралы талап та бар. Алайда бұл талапты Еуропа Одағының келісімінсіз орындау мүмкін емес.

АҚШ ресми өкілдері 11 наурызда Сауд Арабиясында Украина делегациясымен болған келіссөз барысында Ресей мен Украина арасындағы барлық майдан шебінде 30 күнге атысты тоқтату туралы ұсыныс жасаған. Украина бұл ұсынысты қолдады. Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатында атысты тоқтату идеясын қолдайтынын, бірақ "көптеген нюанс барын" айтқан.

Эр-Риядтағы келіссөздерден соң АҚШ делегациясы өзара соғысып жатқан Ресей мен Украина өкілдерімен жеке-жеке келіссөз жүргізіп, тараптар энергетика нысандарына шабуыл жасамау туралы 30 күндік мораторийге келісті деп жариялаған. Оған қоса Қара теңізде атысты уақытша тоқтату мәселесі де талқыланып жатыр. Соғысты толық тоқтатып, бітімге келу жайлы айтуға әлі тым ерте, бірақ Киев ондай ұсыныс әлі күшінде екенін айтып отыр.

Украина президенті Владимир Зеленский сәрсенбіге қараған түні Украинаға кезекті рет дронмен жасалған шабуылдарға байланысты пікірін жазып, "мықты қадамдар қажет" екенін және "Ресейдің шабуылдары тыйылуы үшін АҚШ тарапынан көбірек қысым көрсетіп, санкцияларды көбейту" керегін айтты. Зеленскийдің сөзінше, "атысты тоқтату туралы келіссөздерден кейін осындай ауқымды шабуылдар жасау – бұл Мәскеудің шын мәнінде бейбітшілік орнатуға ниеті жоғын әлемге паш етеді".

Батыс Қазақстан өңірінен төртінші рет дронға ұқсас зат табылды

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы аумағы қызыл түсті сызықпен берілген Google-картадан скриншот
Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы аумағы қызыл түсті сызықпен берілген Google-картадан скриншот

Ұшқышсыз ұшу аппаратының бөлшектеріне ұқсайтын заттар тағы да Батыс Қазақстан өңірінен, елді мекеннен аулақта табылғанын 26 наурызда облыстық полиция департаменті Азаттық Азияға растады. Табылған заттың суреті я видеосы әзірге жарияланған жоқ.

БҚО полициясы уәкілетті органдармен бірлесіп "Жәнібек ауданынан табылған пилотсыз ұшу аппаратының бөлшектеріне ұқсас заттарды тексеру шараларын жүргізіп жатқанын" айтты.

Ресеймен шектесетін БҚО аумағында биыл осымен төртінші рет кімге тиесілі екені белгісіз ұшу аппараты табылып отыр.

24 наурызда Жанібек ауданы аумағынан дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған.

18 наурызда тағы бір дрон Тасқала ауданы аумағына құлағанын Атамекен ауылының тұрғындары хабарлаған. Заттың ұзындығы – 300 см.

18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының маңына ұшатын аппарат құлаған.

Құзырлы орындар бұл оқиғаларға байланысты әлі күнге дейін қоғамға толымды ақпарат бермей отыр. 26 наурызда Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Азаттық Азия агенттігінің сұрағына берген жауабында "барлық фактілер бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын" ғана айтты.

BES.media басылымы Ұялыда табылған дронның пішіні Ресейдің "Орлан-10" дронына ұқсас деп жазды. "Рособоронэкспорт" сайтының мәліметінше, мұндай дрон жер мен су бетін қашықтан бақылауға, GSM базалық станциялары мен ұялы байланыс желілерін анықтауға арналған.

Батыс Қазақстан облысындағы ауыл маңынан табылған дрон. "Просто журналистика" арнасында жарияланған видеодан скриншот.
Батыс Қазақстан облысындағы ауыл маңынан табылған дрон. "Просто журналистика" арнасында жарияланған видеодан скриншот.

Батыс Қазақстан облысы аумағынан 18 ақпан мен 18 наурызда табылған дронға ұқсайтын екі заттың фотолары әлеуметтік желіде жарияланған.

Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарында бұрын әскери зымыран қалдықтары бірнеше рет табылған. Ресейдің Астрахан облысында Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2018 жылы жазда Батыс Қазақстан өңіріне құлаған зат сол полигоннан ұшырылған зымыранның бөлшегі екені анықталған.

СІМ: Бағдат түрмесіндегі әйелдерді елге әкелу бойынша Иракпен келісім жасауға тырысып жатырмыз

Бағдаттағы "Русафа" түрмесінің ішкі көрінісі. Видеодан скриншот, сәуір, 2023
Бағдаттағы "Русафа" түрмесінің ішкі көрінісі. Видеодан скриншот, сәуір, 2023

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ирак тарабымен Бағдат түрмесіндегі қазақстандық әйелдерді елге қайтару жөнінде келісім жасасауға тырысып жатыр. Бұл жөнінде сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин айтты. Журналистің "террористік әрекетке қатысқаны" үшін Ирак түрмесінде көптен бері жатқан қазақстандық әйелдерді қайтару туралы сауалына Рахметуллин:

– Өзіңіз де жақсы білесіз, сот билігіне араласуға болмайды. Қазақстан сот шешіміне ықпал ете алмайды. Соған қарамастан, біз Ирак тарабымен [сотталған қазақстандықтарды] беру, реадмиссия жасау (мемлекеттің өз азаматтарын қайтаруға келісуі – ред,), және басқалар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – өте ұзақ процесс, – деді ол.

Бірінші вице-министр бұдан қандай нәтиже боларын, оның қашан жүзеге асарын айта алмаймын деді.

Ақан Рахметуллиннің айтуынша, Ирак астанасы Бағдаттағы "Русафа" түрмесіндегі ауыр жағдайға шағымданып, Қазақстан үкіметінен көмек сұрап жүрген 8 әйелдің барлығы ел азаматы болмауы мүмкін.

– Біріншіден, сегіз адамның бәрі біздің азамат екеніне дәлел жоқ. Түрлі мәлімет бар: біреуінің айтуынша, екеуі ғана қазақстандық, қалғандары көрші елдерден, – деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, әйелдерді Қазастанға алдыруға әлі де үміт бар. Ол үшін екі жақ келісімге келуі керек. Келісім болған жағдайда олар толық босатылмайды, тек жазаның қалған бөлігін Қазақстанға өтеуге рұқсат алады деді Рахметуллин.

Ирак астанасы Бағдаттағы "Русафа" түрмесінде қазақстандық әйелдер 2017 жылдан бері қамауда отырғанын Азаттық көптен жазып келеді. Олар қақтығыс болып жатқан Ирак пен Сирияға күйеулеріне еріп түрлі жағдайда барған. Барлығы "терроризм" бабымен өмір бойына сотталған. Азаттықпен сөйлескен әйелдердің айтуынша, іске қатысты тергеу де болмаған, не үшін сотталғандарын да білмейді. Білместікпен адасқанын айтып, өткен ісіне өкінген әйелдер Қазақстан билігінен көмек күтетінін айтып келеді.

Арасында Ирак түрмесінде балаларымен отырғандары да болған. 2019 жылы қазақстандық дипломаттар "Русафа" операциясын ұйымдастырып, Иракта өмір бойына түрме жазасына кесілген қазақстандық әйелдердің 14 баласын елге жеткізген.

Әйелдер түрмеде дұрыс тамақ берілмейтінін, медициналық көмек нашар екенін айтып шағымданған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл шағымдарды Ирактағы құзырлы органдарға жеткізгенін айтқан. Биыл ақпандағы Азаттықтың осы бойынша сауалына министрлік: "Жақын арада жауапты дипломаттардың Бағдатқа сапары аясында сотталған азаматтардың жағдайын білу мақсатында түзету мекемесіне кезекті іссапар жоспарланған" деп жауап берген.

Джон Рэтклифф: Украина армиясы бейбітшілік орнамаса, жалаң қол шайқасуға бар

АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф
АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф

АҚШ Орталық барлау басқармасының (Central Intelligence Agency, CIA) директоры Джон Рэтклифф Украинаның қарулы күштері егер бейбітшілік берік орнамаса, онда тіпті "жалаң қол шайқасудан" тайынбайды деп мәлімдеді. АҚШ сенатындағы тыңдауда оның сөйлеген сәтін CNN арнасы тікелей эфирде көрсетті.

CIA басшысы Ресейдің соғыс алаңында артықшылығы болуы мүмкін екенін және баяу алға жылжып жатқанын айтты, бірақ, оның пікірінше, Украина халқы мен армиясының қарсылық таныту қабілеті бірнеше жыл бойы лайықты бағаланбай келген.

Рэтклифф барлау қызметкері ретіндегі өз ой-тұжырымы мен бақылауына сүйеніп, Украина әскері егер қажет болса, ары қарай да соғысуға дайын деген пікір білдірген.

Бұған қоса ол АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты ұзақ мерзімді бейбітшілік орнайтындай жағдайда аяқтағысы келетінін және де онысын Орталық барлау басқармасы қолдайтынын айтқан. Сонымен бірге АҚШ лидері Ресей жеңіске жетсе қандай қауіп барын да жақсы түсінеді деген Рэтклифф.

Ол бейбітшілік туралы келіссөзде қарсылас екі тараптың ешқайсы да көздеген мақсатына жетпейтін жағдайда бітімге келуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Бұдан екі апта бұрын Джон Рэтклифф, АҚШ-та Дональд Трамп билікке келгелі бері алғаш рет, Ресейдің сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкинмен телефонмен сөйлескен еді. Ол екеуі 11 наурызда Сауд Арабиясында Украина мен АҚШ өкілдерінің кездесуі барысында Киев Вашингтонның 30 күнге атысты тоқтату туралы ұсынысымен келіскен кезде әңгімелескен.

Рэтклифф жаңа мәлімдемесін 24 наурызда Эр-Риядта өткен америкалық және ресейлік делегациялардың келіссөзінің қорытындысы жарияланған күні жасады. Ол келіссөздің басты нәтижесі – Вашингтон мен Мәскеу Қара теңізде кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күш қолдануға жол бермеу және коммерциялық кемелерді әскери мақсатта пайдалануды тоқтату туралы келісімге келді.

Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде сондай-ақ, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Украина мен Ресейдің энергетика нысандарына шабуыл жасауға тыйым салу жөніндегі келісімін жүзеге асыру шараларын әзірлеу ниеті жайлы да айтылған.

Ақ үй америкалық және украиналық делегациялар арасындағы кездесу қорытындысы бойынша да осыған ұқсас мәлімдеме жасады, ол кездесу де Эр-Риядта өткен. Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров Ресей мен Украина өзара энергетика нысандарына шабуылдан бас тартқан жағдайда Киев Қара теңізде атысты тоқтатуға келісім беретінін растады. Кремль ондай мораторий 18 наурыздан бастап күшінде дейді. Ал Украина болса Ресей күштері одан бері бірнеше рет шабуыл жасады деп мәлімдеген.


"Арандатудың қажеті жоқ". БҚО-ға құлаған дрон жайлы сұраққа қорғаныс вице-министрінің жауабы

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында табылған дрон тәрізді белгісіз зат. 18 наурыз, 2025 жыл. "Уральская неделя" басылымынан алынған скриншот.
Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында табылған дрон тәрізді белгісіз зат. 18 наурыз, 2025 жыл. "Уральская неделя" басылымынан алынған скриншот.

Батыс Қазақстан облысы Жанібек ауданы аумағынан "дронға ұқсас зат" табылғанына байланысты тергеу жүргізіліп жатыр. Мұны 26 наурызда парламент үйінде журналистер сұрағына жауап берген Қазақстанның қорғаныс министрінің орынбасары Хасан Жазықбаев айтқан.

Оның сөзінше, тергеуден әуе қорғаныс күштері тыс қалмаған, шенеунік басқа мәлімет берген жоқ.

Қазақстан аумағына әскери дрон құлауы бірінші рет емес екені және оның себебі жайлы сұрақ қойған журналиске Жазықбаев: «Арандатудың қажеті жоқ» деп жауап берген.

"Бөкей ордасы ауданында не бар екенін білу керек қой. Мүмкін ол сыртқа шыққан техникалық ақау шығар. Барлығын тергеу [нәтижесі] көрсетеді", – деген вице-министр. Ол Қазақстанның әуе кеңістігі ҰҚШҰ елдерімен біртұтас жүйеге енетінін айтқан.

Ел-жұрт алаңдап отыр және әскери дрон құлаған сайын қорғаныс министрлігі неге үнсіз қалады деген сұраққа Жазықбаев «халықты алаңдамауға шақырамын» деп жауап қатты. Тергеу нәтижесі қашан жарияланады деген сұраққа жауап бермеді.

24 наурызда Жанібек ауданы аумағынан дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған. Биылғы ақпан айынан бері Батыс Қазақстан облысында осымен үшінші рет осындай оқиға болып отыр.

18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының маңына ұшатын аппарат құлаған.

18 наурызда тағы бір дрон Тасқала ауданы аумағына құлағанын Атамекен ауылының тұрғындары хабарлаған. Заттың ұзындығы – 300 см.

Құзырлы орындар бұл үш оқиға бойынша да әлі күнге дейін қоғамға толымды ақпарат бермей отыр. 26 наурызда Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Азаттық Азия агенттігінің сұрағына берген жауабында "барлық фактілер бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын" ғана айтты.

BES.media басылымы Ұялыда табылған дронның пішіні Ресейдің "Орлан-10" дронына ұқсас деп жазды. "Рособоронэкспорт" сайтының мәліметінше, мұндай дрон жер мен су бетін қашықтан бақылауға, GSM базалық станциялары мен ұялы байланыс желілерін анықтауға арналған.

Батыс Қазақстан облысы аумағына 18 ақпан мен 18 наурызда құлаған екі заттың фотолары әлеуметтік желіде жарияланған. Ал 24 наурызда табылған заттың суреті әзірге жарияланған жоқ.

Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарында бұрын әскери зымыран қалдықтары бірнеше рет табылған. Ресейдің Астрахан облысында Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2018 жылы жазда Батыс Қазақстан өңіріне құлаған зат сол полигоннан ұшырылған зымыранның бөлшегі екені анықталған.

Конгрестің 40-тан астам мүшесі Трампқа хат жазып, Азаттық жұмысына қатысы бар жарлықты жоюға үндеді

АҚШ Конгресінің делегациясы Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде қаза тапқан журналистердің мемориалын қарап тұр. 2022 жылғы мамыр. Солдан оңға қарай: Майкл Маккол, Билл Китинг, Джо Негус және Тед Лью.
АҚШ Конгресінің делегациясы Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде қаза тапқан журналистердің мемориалын қарап тұр. 2022 жылғы мамыр. Солдан оңға қарай: Майкл Маккол, Билл Китинг, Джо Негус және Тед Лью.

25 наурыз күні АҚШ-тың заң шығару органы – Конгрестің ондаған мүшесі ел президенті Дональд Трампқа хат жазып, АҚШ Ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) жабуды көздейтін жарлығын жоюға үндеді. Өкілдер палатасы мүшелерінің айтуынша, жарлық USAGM-ге қарайтын Азаттық радиосы секілді ұйымдарға залал келтіріп, АҚШ қарсыластары – Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея елдеріне көмек болмақ.

Конгрестің 40-тан астам мүшесі қол қойған хатта USAGM-нің жабылуы АҚШ-тың әлемдегі беделі мен ықпалына соққы болатыны айтылған.

"Тікесін айтқанда, Гаванадан Каракасқа дейін және Минскіден Тегеранға дейін миллиондаған адам жабық әрі шектеулі ортада қалып қояды. Олар әлем жайлы ақпарат алуға қауқарсыз болады", – деді хат авторлары. – Біз сізге осы жарлықты қайта қарап, USAGM мен оның хабар тарату желілерінің маңызды жұмысын жалғастыруды қамтамасыз ету жөнінде табанды талап қойып отырмыз".

Өкілдер палатасының мүшесі, осы палатаның сыртқы саясат комитетіндегі Еуропа жөніндегі кіші комитеттің жоғары шенді өкілі Билл Китингтің (демократ, Массачусетс) айтуынша, Азаттық радиосы, Америка дауысы, Азат Азия және USAGM-ге қарасты өзге медиа ұйымдар "маңызды жұмсақ күш құралы қызметін атқарып", жабық қоғамда өмір сүретін адамдарға объективті әрі сенімді ақпарат ұсынып келеді.

"Олардың жұмысы тиімді болғаны сонша, Иран, Ресей және Қытай елдеріндегі режимдер бұларды ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп жариялаған", – деді Китинг баспасөз хабарламасында. Осы хабарламада ол Трамптың 14 наурыздағы жарлығын "қисынсыз" деп атап, бұл жарлық АҚШ-тың еркін медиадан қорқатын қарсыластарын жігерлендіреді деді.

Хатта сондай-ақ USAGM желілері мен грант алушылары еркін және ашық медиа кең тарамаған елдерге жан-жақты ақпарат беруде тарихи және маңызды рөл атқаратыны айтылған.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосын жабу Ресей, Беларусь, Иран және Орталық Азия өкіметтеріне өз режимінің пропагандасын таратып, Азаттықтың марапат жеңген хабарлары тойтарыс береді деп қорықпауына жол ашады", – дейді хатқа қол қоюшылар.

Хат АҚШ соты Азаттық радиосының USAGM үстінен түсірген шағымы жөнінде оң шешім шығарған күні жіберілді. Трамптың жарлығынан соң USAGM Азаттыққа бөлінген Конгресс қаражатын бермей қойған. Азаттық бұл шешім заңсыз деп сотқа жүгінген.

Судья Ройс Ламберттің айтуынша, Азат Еуропа/Азаттық радиосының грантын тоқтатқан агенттік "жосықсыз әрі қыңыр" әрекет жасаған, ал бұл әрекет іске асқан жағдайда хабар таратушы ұйымға "орны толмас зиян" келтірер еді.

Ламберт Азаттықтың жабылуына жол бермеу үшін агенттік шешімін уақытша тоқтату қаулысы қажет екенін айтты.

  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 18 наурызда ұйымның жұмысына АҚШ конгресі бөлген қаржыны тоқтату әрекетін болдырмау үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін және оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті сотқа берген.
  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
  • АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. Агенттік әлемге хабар тарататын Азат Еуропа/Азаттық радиосынан басқа да медиаұйымдарды басқарады. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына АҚШ конгресі бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты. USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған.
  • Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы – Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.

Трамптың жарлығы: сайлаушы болып тіркелу үшін азаматтығыңды дәлелде

Сайлауға түскен қос кандидаттың арасынан АҚШ президентін таңдауға келген сайлаушылар. Нью-Йорк, 5 қараша, 2024 жыл.
Сайлауға түскен қос кандидаттың арасынан АҚШ президентін таңдауға келген сайлаушылар. Нью-Йорк, 5 қараша, 2024 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі, 25 наурызда қол қойған жарлыққа сәйкес, америкалықтар сайлаушы ретінде тіркелу үшін АҚШ азаматты екенін растайтын құжат ұсынуы керек болады.

Жарлық сайлаушыны тіркеумен айналысатын жергілікті билік органдарына сайлаушы ұсынған құжаттардың шынайылығын тексеру міндетін артады. Жарлықта сондай-ақ, поштамен жіберілген бюллетеньдерді санауды сайлау күні аяқталуы тиіс деген талап бар.

Ақ үй өкілдерінің айтуынша, жарлықтың негізгі мақсаты – азаматтығы жоқ адамдардың және АҚШ-та заңсыз тұратын кісілердің сайлауға қатысуына тосқауыл қою. Бұған дейін Дональд Трамп елдегі сайлау жүйесінің кемшіліктерін бірнеше рет сынға алған және 2020 жылғы президенттік сайлауда дауыс беруге хақы жоқ адамдардың бюллетеньдерін қоса есептеудің салдарынан жеңіліп қалдым деп мәлімдеген, бірақ ол сөзіне ешқандай дәлел-айғақ келтірмеген.

"Сайлау алаяқтығы – бұл сөз тіркесін естідіңіздер. Біз оны жоямыз деп үміттенем", – деп мәлімдеді Трамп сейсенбіде жарлыққа қол қойып жатып.

АҚШ-та БАҚ сілтеме жасаған заңгерлер бұл жарлық дау-дамай туғызады деген пікірде, себебі президент биліктің атқарушы тармағына жатпайтын федералдық сайлау комиссиясынан сайлау ережелерін өзгертуді талап етіп, өз өкілеттігін асыра пайдаланып отыр дейді олар.

Қазіргі ережелер бойынша, сайлаушы ретінде тіркелгісі келетін адам тіркелу туралы өтінішінде өзінің азаматтығы барын көрсетсе жеткілікті. Егер жалған ақпарат бергені анықталса, жауапқа тартылады. Заңсыз дауыс беру туралы хабарларға байланысты жүргізілген көптеген тексерулердің нәтижесі, ресми мәліметтер бойынша, ондай жайттардың саны көп емес екені анықталған

Дональд Трамптың әкімшілігі президент жарлығын орындаудан бас тартқан штаттар федералды қаржыландырудан қағылады деп ескерткен.

Трамп АҚШ Ресейдің бітім жайлы шарттарын қарастырып жатқанын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Ресейдің Қара теңізде бітім орнатуға байланысты қойған бірнеше талабын қарастырып жатқанын мәлімдеді.

"Біз қазір олардың барлығын ой елегінен өткізіп жатырмыз. Ол бес не алты шарт", – Трамп 25 наурызда Ақ үйде өткен брифингте осылай айтты деп хабарлады CNN.

АҚШ президенті бұған қоса Ресей мен Украина арасындағы атыс-шабысты тоқтату мүмкіндігі жайлы пікір білдіріп, АҚШ тарапы Мәскеумен және Киевпен бұл мәселелердің егжей-тегжейін талқылап жатқанын айтқан.

АҚШ-тың ресми өкілдері наурыздың 23-і мен 24-і күндері Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында Украинаның және Ресейдің делегацияларымен кездескен. 25 наурызда Ақ үй Еуропада өзара соғысып жатқан Украина мен Ресей Қара теңізде атысты тоқтатуға және энергетика нысандарына шабуыл жасауды доғаруға келісіп отыр деп мәлімдеді.

Кремль Ресей жағы Россельхозбанкке салынған санкциялар алынып, Ресей банктері SWIFT жүйесін қайта қосылатын болса және азық-түлік пен тыңайтқыштар өндірушілерді, оларды сыртқы нарыққа шығаратындарды және тасымалдаушыларды санкциядан босатқан жағдайда ғана атыс-шабысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский Киевтегі брифингінде Ақ үйдің мәлімдемесі жарияланғаннан кейін атыс-шабысты тоқтату мораториясы дереу күшіне енуі мүмкін екенін айтты.

АҚШ соты Азат Еуропа/Азаттық радиосын қаржыландыруды тоқтатуға уақытша тыйым салды

Вашингтондағы федералды округтік сотының ғимараты. АҚШ.
Вашингтондағы федералды округтік сотының ғимараты. АҚШ.

Вашингтондағы (Колумбия округі) федералды округтік соты 25 наурызда Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігіне (USAGM) қарсы берген талап-арызында көрсетілген осы медиаұйымға қаржы беруді доғару туралы шешімді уақытша тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырды.

Сот бұл істің барлық мән-жайын мұқият зерттеп, тиісті шешім шығарғанға дейін агенттік Азат Еуропа/Азаттық радиосын жабуды көздейтін әлдебір шара қабылдамай күте тұрсын деп пәрмен берген. Ондай шараға 15 наурызда USAGM басшысының бас кеңесшісі Кэри Лейк жариялаған АҚШ Конгресінің Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының жұмысын қаржыландыруға грант бөлу туралы келісім-шартын тоқтату жайлы шешімі де кіреді.

Бұл істің мән-жайын сот алдағы апталарда қарамақшы.

Судья Ройс Ламберт 10 беттен тұратын қаулысында USAGM шешімін орындау АЕ/АР медиакорпорациясына "орны толмас зиян" келтіретінін айтқан.

"USAGM басшылығы жалғыз ауыз сөзбен және еш негізсіз АЕР/АР-ді жұмысын тоқтатуға мәжбүрлей алмайды – тіпті ондай бұйрықты президент берсе де", – деген судья.

Сотта енді Азат Еуропа/Азаттық радиосының биылғы жылғы жұмысына бұған дейін АҚШ Конгресі бөлген грант қаржысы – шамамен 77 миллион долларға байланысты медиакорпорацияның берген өтініші қаралмақ. Конгресс бекіткен бұл ақша АЕР/АР жұмысын 2025 жылдың қыркүйек айының аяғына дейін қаржыландыруға жұмсалуы тиіс еді. Кэри Лейктің 15 наурыздағы хабарламасында АЕ/АР-ға осы қаржыны беру доғарылатыны айтылған.

"Судья Ламберт Конгрестің ерік-жігерін USAGM-нің елемей қоюына мүмкіндік бермейтін ойластырылған әрі кесімді шешім қабылдады деп бағалаймыз. Қаржы жылының қалған бөлігіне Конгресс бөлген қаржыны бізге бермей қою Конституцияға қайшы деген позициямыз алдағы уақытта да алға жылжиды деп күтеміз", — деп мәлімдеді АЕ/АР президенті әрі бас директоры Стивен Капус.

Сот қарсаңында АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі Азат Еуропа/Азаттық радиосына АҚШ Конгресі бөлген қаржының бір бөлігін беруге келіскен. Бұл жөнінде 24 наурызда агенттіктің өзі, АЕ/АР медиакорпорациясы мен USAGM басшылығы арасындағы сот отырысынан бұрын хабарлаған. Нәтижесінде АЕ/АР 1-14 наурыз аралығындағы грантты қамтитын 7,46 млн доллар соманы алады.

  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 18 наурызда ұйымның жұмысына конгресс бөлген қаржыны тоқтату әрекетін болдырмау үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін және оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті сотқа берген.
  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
  • АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. Агенттік әлемге хабар тарататын Азат Еуропа/Азаттық радиосынан басқа да медиаұйымдарды басқарады. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына конгресс бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты. USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған.
  • Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, үрлі пікір айтты.

АҚШ Ресеймен және Украинамен Қара теңізде тыныштық орнату туралы келісім жасасты

Қара теңізде әскери қайықтан айналаны шолып тұрған украиналық жауынгер. 7 ақпан, 2024 жыл.
Қара теңізде әскери қайықтан айналаны шолып тұрған украиналық жауынгер. 7 ақпан, 2024 жыл.

АҚШ үкіметі Эр-Риядта америкалық және ресейлік делегациялар кездесуінің қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады. Онда Америка Құрама Штаттары мен Ресей теңізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, күш қолданудан бас тарту және коммерциялық кемелерді әскери мақсатта пайдаланбау жөнінде келіскені айтылған.

АҚШ бұған қоса Ресейдің ауылшаруашылық өнімдері мен тыңайтқыштарды экспорттау үшін әлемдік нарыққа қол жеткізуін қалпына келтіруге, теңіздегі сақтандыру құнын төмендетуге және порттар мен төлем жүйелерін пайдалануды жақсартуға көмектесуді жоспарлап отыр.

АҚШ пен Ресей екі елдің президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Ресей мен Украинаның энергетика нысандарына шабуыл жасауға тыйым салу жөніндегі келісімін жүзеге асыру шараларын әзірлемек ниетте.

Ресей мен АҚШ делегацияларының 24 наурызда Сауд Арабиясының астанасында өткені келіссөзі 12 сағатқа созылды.

Ақ үй америкалық және украиналық делегациялар арасындағы кездесу қорытындысы бойынша да осыған ұқсас мәлімдеме жасады, ол кездесу де Эр-Риядта өтті.

Мәлімдемеде АҚШ Украина мен Ресейдің өзара соғыс тұтқындарын айырбастауға, тұтқынға алынған азаматтарды босатуға және Украинадан күшпен әкетілген балаларды қайтаруға көмектесуге ниетті екені айтылған. Вашингтон сондай-ақ Украина мен Ресейдің энергетика және теңіз келісімдерін іске асыруға үшінші елдердің қатысуын құптайды.

Сейсенбіде Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров Ресей мен Украина энергетика нысандарға шабуылдан бас тартқан жағдайда Киев Қара теңізде атысты тоқтатуға келісім беретінін мәлімдеді. Ол сондай-ақ, Ресейдің әскери кемелері Қара теңіздің шығыс бөлігі аумағынан шығып кеткен жағдайда Киев оны осы келісімді бұзу деп есептейтінін да атап айтты.

"Біз осындай нәтижеге қол жеткізгеніміз үшін АҚШ тарапына ризашылығымызды білдіреміз (...) Теңізде тыныштық орнату және еркін кеме қатынасы жөнінде сөз қозғалып жатқандықтан біз инфрақұрылым жайлы да айтпақпыз. Оның қалай болатынын көрерміз... АҚШ-қа біз стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарының тізімін жеке бердік", — деді сейсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский Сауд Арабиясындағы келіссөздер жөнінде түсініктеме берген кезде.

Ақ үйдің өкілдері журналисті байқамай құпия чатқа қосып жіберген

Майк Уолтц және Пит Хегсет
Майк Уолтц және Пит Хегсет

Ақ үйдің өкілдері Йемендегі хуситтерге шабуылды талқыланған Signal мессенджеріндегі чатқа байқамай The Atlantic журналына Джеффри Голдбергті қосып жіберген.

Голдберг 13 наурызда АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майк Уолтцтан "Houthi PC small group" деген жабық топқа шақырту алған. Бұл чатта Трамп әкімшілігінің өкілдері хуситтерге кезекті соққыны талқылаған. Талқылауда АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет, Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф, вице-президент Джей Ди Вэнс және Майк Уолтц болған.

Голдбергтің жазуынша, Хегсет чатқа Йемендегі соққы жасалатын жерлердің мекенжайын жіберген. Бұған қоса, операцияның шығынын және сол шығынды Еуропаға аударуды талқылған.

Журналист басында бұл әзіл деп сенбеген. Кейін чатта шынымен шабуыл жоспары талқыланып жатқанын білген соң шығып кеткен және Уолтц пен Хегсетке хабарлаған.

Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Брайан Хьюз Signal-дағы топтың шынымен болғанын растады. Қазір ведомство журналистің нөмері қалай чатқа қосылғанын тексеріп жатыр.

АҚШ билігі Signal қосымшасын құпия ақпараттарды талқылайтын құралдарға қоспаған. Заңгерлер The Atlantic сайтына «шенеуніктер Signal желісінде топ құруға құқығы жоқ» деген.

15 наурызда Трамп әскерилерге Йемендегі хуситтер тобына шабуыл жасауды бұйырған. Жылдың басында Ақ үй хуситтерді террорлық топ деп жариялаған еді.

Батыс Қазақстан облысына тағы да дрон құлады

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында тағы бір беймәлім ұшқышсыз аппарат табылды. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық полициясы хабарлады.

Ұшқышсыз аппарат құлғаны туралы алғашқы ақпарат 24 наурызда тараған. 25 наурыз таңертең БҚО полициясы ақпаратты растап, дрон табылуына байланысты тексеріс жүріп жатқанын хабарлады.

«Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірге Жәнібек ауданында ұшқышсыз ұшатын аппарат қалдықтарына ұқсас зат табылуына байланысты тексеру жүргізіп жатыр. Нысан елді мекендерден қашықтан, шалғай ауданннан табылған» деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті.

Құлаған аппарат қайдан келгені әзірге нақты емес. Жәнібек ауданы Ресейдің Волгоград және Саратов облыстарымен шектеседі. Жақында Саратов облысын Украина дрондары шабуылдап, Энгельс қаласындағы аэродромды атқылаған.

Соңғы 1,5 айда облыс аумағында қайдан келгені белгісіз дрондар екі мәрте табылған. 18 наурызда Тасқала ауданында көлемі үш метрдей болатын ұшқышсыз аппарат құлаған. Онда да полиция тексеріс жүргізіп жатқаны айтылған.

Ал 18 ақпанда Батыс Қазақстанның Бөкей ордасы ауданында ұзындығы 120 сантиметрдей болатын дронды жергілікті тұрғын байқап, полицияға хабарлаған. Ол Ресейдің «Орлан-10» аппаратына ұқсас деген болжам айтылған. Бұл аудан Ресейдің «Капустин Яр» әскери полигонынан шамамен 250 шақырым жерде орналасқан. Батыс Қазақстан облысында шамамен 1 млн гектар жерді Ресей әскери сынақ алаңы ретінде жалға алып отыр. Полиция бұл оқиға бойынша әлі түсініктеме берген жоқ.

USAGM Азат Еуропа/Азаттық радиосына бөлінген гранттың бір бөлігін беруге келісті

АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) Азат Еуропа/Азаттық радиосына (АЕ/АР) конгресс бөлген қаржының бір бөлігін беруге келісті. Бұл жөнінде 24 наурызда агенттіктің өзі мәлімдеді. Мұны олар Азаттық радиосы медиакорпорациясы мен USAGM басшылығы арасындағы сот отырысынан бұрын хабарлаған.

Нәтижесінде Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 1-14 наурыз аралығындағы грантты қамтитын 7,46 млн доллар соманы алады.

«Агенттік төлем жасауға қажет жылдам әкімшілік шараларды орындады» делінген USAGM-нің сот ісіне тіркелген хатында. Оған сәйкес қаражат 26 наурызда аударылады, ал Азат Еуропа/ Азаттық радиосы оны ай соңында алады.

24 наурыздағы сот отырысында USAGM атынан өкілдік еткен АҚШ әділет министрлігінің өкілі Абигейл Стоут халықаралық хабар тарату заңына сәйкес медиаұйым келісім талаптарын орындамаған жағдайда агенттік АЕ/АР-мен арадағы грант туралы келісімді тоқтата алады деп жазылғанын айтты. «Сондықтан заң агенттіктің грантты тоқтатуына мүмкіндік береді» деді Стоут.

Азат Еуропа/ Азаттық радиосының мүддесін қорғайтын адвокат Дэвид Зионтс «агенттік ойына келгенін істейтін болса», конгресске ол ақшаны бөлудің «ешқандай мәні де болмас еді» деп жауап берді.

Азат Еуропа/ Азаттық радиосы биылғы бюджет жылының соңына, яғни 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейін бөлінген грант қаржысын алуға талпынып жатыр. Медиакорпорация қаржы беруді доғару туралы шешімді уақытша тоқтату туралы өтініш берді. Судья Ройс Ламберт бұл бойынша алдағы апталарда шешім шығаруы керек.

  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 18 наурызда ұйымның жұмысына конгресс бөлген қаржыны тоқтату әрекетін болдырмау үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін және оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті сотқа берген.
  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
  • АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. Агенттік әлемге хабар тарататын Азат Еуропа/Азаттық радиосынан басқа да медиаұйымдарды басқарады. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына конгресс бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты. USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған.
  • Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.


Қырғызстанда полицей жүргізушіге жол ережесі туралы сұрақ қоятын болады

Қырғызстан милициясы жүргізушінің жол ережесін қаншалық білетінін тоқтатқан жерінде сұрайды. Бұл тәртіп 1 қыркүйектен енгізіледі деді Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов.

Оның айтуынша, милиция қызметкері жол ережесін бұзған жүргізушіні тоқтатып, оған ережеге қатысты сұрақтар қояды, жүргізуші тәртіп сақшысының сауалына жауап бере алмаса, оның жүргізуші куәлігі Қырғызстан ішкі істер министрлігінің көлікті тіркеп, жүргізуші куәлігін берумен айналысатын «Унаа» мекемесіне уақытша жіберіледі.

Көшеде сұрақ қоюдың нақты тәртібі, регламенті қандай болары ресми түрде хабарланған жоқ.

Куәлігінен айырылған жүргізуші өзіне ыңғайлы уақытта «Унааға» келіп, жол ережесінен қайта тест тапсырып, құжатын қайтарып алады. Тестіден өте алмаса, оны қайта тапсыруға хақылы. Жүргізуші куәлігі емтиханды дұрыс тапсырғанда ғана қайтарылады.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші тестілеуге алғаш жіберілгенде 500 сом төлейді (1 доллар шамамен 85 сом тұрады). Тапсыра алмай екінші сынаққа жазылғанда – 1000 сом, үшіншісіне – 2000 сом береді. Тест құны осылай өсе береді.

Алагөзовтің айтуынша, бұл тәртіп Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың тапсырмасымен іске асырылған. Оның мақсаты – ереже білмейтін жүргізушілердің білімін толықтыру. «Бұл механизм жүргізуші тестіге дұрыстап дайындалуы үшін енгізілген. 1 қыркүйекке дейін бес ай уақыт бар. Жол ережесін жақсы білмейтін адамдар қазірден дайындалып бастаса болады» деп жазды ол Facebook-тағы постында.

Қырғызстан ішкі істер министрлігінің ресми статистикасы бойынша, 2024 жылы елде 7101 жол апаты тіркелген, онда 10 479 адам жапа шегіп, 743 кісі қаза тапқан. Ішкі істер органының айтуынша, апатқа көбіне жүргізушінің жылдамдықты асыруы, қарсы бетке өтіп кету, мас болып көлік айдау, маневр жасау тәртібін бұзу және көліктегі бұзақылық себеп болады.

Израиль ХАМАС-тың жоғары шенді басшыларын өлтіргенін хабарлады

Газаның солтүстігіндегі Бейт-Ханун қаласы. 5 наурыз, 2025 жыл
Газаның солтүстігіндегі Бейт-Ханун қаласы. 5 наурыз, 2025 жыл

Израиль бір тәулік ішінде палестиндік ХАМАС тобының (АҚШ пен Еуропада террористік ұйым деп танылған) тағы бір жоғары лауазымды адамын өлтіргенін хабарлады.

Израиль қорғаныс күштерінің (ЦАХАЛ) хабарлауынша, ХАМАС-тың әскери бөлімшесінің командирі Ахмад Шимали өлтірілген. Ресми мәлімет бойынша, 2023 жылғы 7 қазандағы шабуылды ұйымдастыруға осы кісі жауапты болған.

Бұған қоса ХАМАС-тың бір батальонының командирі Жәмил Вадиа да қаза тапқан. Израиль жағының айтуынша, бұл батальон ЦАХАЛ-ға қарсы соғысқан және оның 2011 жылғы автобусқа шабуылға қатысы бар.

Бұдан бірнеше сағат бұрын Израиль қорғаныс күштері палестиндік топтың стратегиялық әскери жоспарлау әрекетіне жауап берген Салах әл-Бардауилді өлтіргенін мәлім еткен.

Жексенбі күні Израиль Хан-Юнис қаласындағы Насер ауруханасын әуеден шабуылдаған. ЦАХАЛ мәліметі бойынша, ХАМАС-тың жоғары шенді басшылары дәл осы медицина мекемесін штаб ретінде пайдаланған. «Би-Би-Сидің» хабарлауынша, ХАМАС-тың қаржы операцияларының кураторы Исмаил Бархум да қаза тапқан.

Израиль жағының хабарлауынша, нақты барлау мәліметтерін алғаннан кейін зардапты мейлінше азайту мақсатында аса дәлдікпен шабуыл жасалған. Газа секторы денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, ауруханада бірнеше адам жарақат алған. Al Jazeera арнасының хабарлауынша, шабуыл кесірінен 16 жастағы бала опат болған.

Al Jazeera мәліметі бойынша, Газаға дүйсенбі таңда жасалған шабуыл салдарынан 16 адам қаза тапты. Мұның алдында Газа денсаулық сақтау министрлігі әуе шабуылы кезінде 30 адам көз жұмғанын айтқан.

Екі айға жуық бітімнен соң, 18 наурызда, Израиль 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС алып кеткен кепілдегі адамдарды толық босатуды талап етіп шабуылды қайта бастаған. ХАМАС болса, Израиль әскерін толық шығарып, соғысты тоқтатқанда ғана бұл шарт орындалады дейді. Біраз уақыт босқын болып жүріп, жақында үйлеріне қайта оралған палестиндіктер құрлықтағы операция басталғанда қайта қашуға мәжбүр болған.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылғы қазаннан бері әскери операция салдарынан қаза тапқандар саны 50 мың адамнан асқан, 113 мың адам жараланған. Ресми мәлімет бойынша, қаза болғандардың көбі бейбіт тұрғын.

Сауд Арабиясында АҚШ-Ресей келіссөзі өтеді. Украина делегациясы да сол жерде

Украина президенті келіссөз басталар алдында Донецк облысына барды. 22 наурыз, 2025 жыл
Украина президенті келіссөз басталар алдында Донецк облысына барды. 22 наурыз, 2025 жыл

Сауд Арабиясында АҚШ пен Украина делегаттарының келіссөзі аяқталды. Бүгін, 24 наурызда, АҚШ өкілдері Украинадағы соғыста бітімге қол жеткізу мақсатында Ресей делегациясымен кездесу өткізбек.

Вашингтондық делегация келіссөз нәтижесі бойынша комментарий берген жоқ, дегенмен Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров кездесу "конструктив әрі мағыналы" болды деді.

"Пікірталас өнімді, фокусы айқын болды: біз негізгі пункттерді, соның ішінде энергетика жайын сөз еттік" деп жазды Умеров Facebook-тағы постында.

"Президент Владимир Зеленскийдің мақсаты еліміз халқымыз үшін және жалпы алғанда бүкіл Еуропа үшін әділ де баянды бейбітшілік орнату. Осы мақсатқа жету үшін жұмыс істеп жатырмыз" деді ол.

Эр-Риядтағы келіссөз – Украинадағы соғысты тоқтату үшін АҚШ бастап күш салып жатқан дипломатиялық әрекеттің шешуші кезеңі. Бұған дейін екіжақты келіссөздер арасында бір-екі күн, не одан да ұзақ үзілістер болатын. Барлығын бір жерге жинау келіссөзді жеделдете түсуі ықтимал.

Ресей және Украина делегаттары бетпе-бет жүздеспейді. Олардың әрқайсысы АҚШ командасымен бөлек кездеседі, мұны Американың өкілі "шаттл дипломатия" деп атады.

АҚШ пен Ресей делегаттары бүгін кездесуі керек. Ресейдің мемлекеттік телеарналары Мәскеу өкілдері Эр-Риядқа 23 наурыз кешке барғанын хабарлады.

The New York Times пен Reuters өз дереккөздеріне сілтеп АҚШ-Ресей келіссөзінен соң іле-шала АҚШ-Украина келіссөзі тағы болуы мүмкін екенін хабарлады. Бөлек келіссөздерде екі тараптың бітім бойынша ұсыныстары ортаға салынбақ.

Дегенмен Ресей және Украина делегаттары соғысты тоқтатуды талқылау үшін бір елге жиналып жатқанымен, бітім бойынша ілгерілеу болатынына сенетіндер аз.

Келіссөздер жүріп жатқанда теледидардан сөйлеген Украина президенті Владимир Зеленский "біздің команда ерекше конструктив ниетте жұмыс істеп жатыр" деді.

"Басқосу өте пайдалы, делегация жұмысы жалғасып жатыр" деді ол.

"Бірақ біз әріптестерімізге не айтсақ та, біз [Ресей президенті Владимир] Путинді шабуылды тоқтату жөнінде шын бұйрық беруге көндіруіміз керек. Бұл соғысты бастаған жақ оны тоқтатуы керек" деді Зеленский.

Ал АҚШ өкілдері Сауд Арабиясындағы кездесу қарсаңында оптимистік танытты.

"Дүйсенбі Сауд Арабиясында нағыз прогреске куә боласыздар деп ойлаймын" деді АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоф Fox News телеарнасына.

Киев пен Мәскеудің бұл кездесуден үміті аз.

"Ең әрі кеткенде [атысқа] үзіліс жасалуы мүмкін. Мұның өзі де белгісіз, себебі келіссөз бір-екі айға ұласып кетуі мүмкін" деді саясаттанушы Сергей Таран Азаттықтың Украин қызметіне.

"Меніңше қазір ең ықтимал нәрсе – уақытша бітімнің техникалық детальдары пысықталуы мүмкін. Содан соң бұларды Киевке, Мәскеу мен Вашингтонға ұсыныс ретінде алып барады" деді ол.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та бұл келіссөзден көп үміттенбейтін сыңай танытты.

"Үлкен үміт күтпеу керек. Алда өте салмақты, жан-жақты жұмыс күтіп тұр. Детальдарына үңілуіміз керек. Жолдың ең басында тұрмыз" деді ол мемлекеттік телеарнаға сұхбатында.

Кремльдің баспасөз хатшысы Путин мен Трамп байланысының жай-жапсарына тоқталды

Дональд Трамп және Владимир Путин. Хельсинки, 16 шілде 2018 жыл.
Дональд Трамп және Владимир Путин. Хельсинки, 16 шілде 2018 жыл.

Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамптың 18 наурыз күнгі телефон әңгімесі олардың бетпе-бет кездесуіне тағы бір қадам болды, деді Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік «Россия» федералдық арнасына берген сұхбатында.

Осы сұхбатта Песков Путин мен Трамп 20 қаңтардағы инаугурациядан кейін екі реттен де көп сөйлескен болуы мүмкін дегенді жоққа шығарған жоқ. Ресми түрде олардың екі рет қана телефонмен сөйлескені хабарланған еді.

"Сіздерге біз білетін сұхбаттар туралы хабарлап отырмыз, бірақ қалғандарын да жоққа шығара алмаймыз" деді Песков.

Bloomberg агенттігі дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ 20 сәуірге дейін Ресей мен Украина арасында атысты тоқтатуға қол жеткізуге үміттенеді деп жазды. 20 сәуірде православие және католиктік христиандар Пасханы тойлайды. АҚШ дәл осы мерзімге дейін екі ел арасында атысты тоқтатуға қол жеткізуге тырысады. Алайда тараптар арасындағы ірі қайшылықтарға байланысты бұл мерзім әрі қарай да ысырылуы мүмкін деп жазды басылым.

Агенттіктің жазуынша, Ресей барлық келісімде барынша үлкен талаптар қойған. Арасында Украинаға қару-жарақ тасымалдауды тоқтату да бар. Bloomberg-тің жазуынша, Ақ үй әзірге шектеу қоюға келіспеген. Дереккөздердің айтуынша, АҚШ президенті табысқа қол жеткізу үшін келісім шарттары Киевке тиімді болуы керектігін жақсы түсінеді, сондықтан Ресейге көп жеңілдік жасауға дайын емес.

Еуропа шенеуніктері дипломатиялық жеңісті көздеген Трамп Украинаның мүддесін құрбандыққа шала отырып, елді Ресейдің алдағы шабуылдарына осал ететіндей шарттармен келісуі мүмкін деп қауіптенеді. Олар сонымен бірге Ресей президенті Владимир Путин Трамптан көбірек жеңілдік алып, майдан даласында ілгерілеу үшін уақытты созады деп санайды.

Жақын арада Украина мен Ресей делегациялары Сауд Арабиясында АҚШ өкілдерімен келіссөз өткізеді. Онда энергетикалық нысандарды атқылауды 30 күнге тоқтату туралы келісімнің шарттары талқыланбақ.

  • 18 наурызда Трамп пен Путин телефонмен сөйлескен. Келіссөзден кейін Кремль мен Мәскеу мәлімдеме таратты. Алайда екі жақтың мәлімдемелерінің кейбір тұстары қиыспайды. Айталық, Кремль хабарламасында Путин бітімге келген жағдайда Украинаға әскери көмекті тоқтату мәселесін қозғады десе, Трамп қару-жарақ тасымалдау мәселесі мүлде талқыланбағанын айтқан.

Ресей әскері Киевке дрондармен шабуылдады: қаза болғандар мен зардап шеккендер бар

23 наурызға қараған түні Ресей әскері Украинаның астанасы Киевке дрондармен шабуылдады. Қала әкімшілігінің мәліметінше, үш адам қаза болған, арасында бес жасар бала да бар. Шабуыл кезінде баланың әкесі де мерт болған. Тағы 10 адам жарақаттанған. Ең кішісі – 11 айлық нәресте.

Қала әкімшілігінің мәліметінше, әуе дабылы бес сағаттан астам уақыт күшінде болған.

Ұлттық полицияның хабарлауынша, дрон бөлшектері Киевтің бірнеше ауданына құлаған.

Төтенше жағдай қызметінің түнгі есебінде шабуылдың салдарынан өрт шыққаны айтылады. Днепровск ауданында 9 қабатты үйдің жоғарғы бөлігінен өрт шығып, төбесіне дейін жайылған. Бір әйел қаза болған. 27 адам эвакуацияланған. Подольск ауданында да тұрғын үй ғимаратынан өрт шыққан.

"РБК-Украина" сайтының жазуынша, түнде Ресей әскері Киев облысына да шабуылдаған. Бірнеше ауданда үйлер мен көліктер бүлінген. Билік екі адамның зардап шеккенін хабарлады.

Украина қарулы күштерінің мәліметінше, жексенбіге қараған түні Украинаға 147 ирандық "шахед" дроны және дрон-имитаторлармен шабуыл жасалған. Нәтижесінде Киев, Харьков, Сумы, Чернигов, Одесса және Донецк облыстары зардап шеккен.

Ресей әскері атқылауларға түсініктеме берген жоқ. Мәскеу Украинаның азаматтық нысандарын атқылағанын соғыс басталғалы бері мойындамай келеді.

Түркияда наразылық тоқтамады, сот Стамбұл мэрін қамауға рұқсат берді

Полиция наразыларға су шашып жатыр. Стамбұл, наурыз 2025 жыл.
Полиция наразыларға су шашып жатыр. Стамбұл, наурыз 2025 жыл.

Түркияда Стамбұл мэрінің ұсталуына қарсы наразылық тоқтамай тұр. 22 наурыз, сенбі күні полиция тағы да 323 адамды ұстады. Полиция наразыларға жас ағызатын газ бен су шашты деп жазды “Неміс толқыны” сайты.

Ұсталғандар санын Түркия ішкі істер министрі Әли Ерлікай X желісінде хабарлаған. Наразылар Стамбұл, Анкара, Измир, Адан, Анталья, Чанаккале, Ескішаһар, Конья және Едірнеде ұсталған.

Министрдің сөзінше, Стамбұлдың Сарачане ауданында біреулер полицейге қышқыл шашып, шабуылдаған.

Ақпарат құралдары полицияның демонстранттарға жас ағызатын газ бен су шашқанын жазды. Кейбір наразылар полицияның өздерін резеңке оқпен атқанын хабарлады.

Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлыны сенбі күні шамамен бес сағат тергеген. Мэр “жемқорлыққа қатысты” және “Түркияда тыйым салынған Күрдтердің жұмысшылар партиясын қолдады” деген айыптарды жоққа шығарған. “Неміс толқынының” жазуынша, бұдан кейін оның соты өткен. Прокуратура Имамоғлы мен іс бойынша күдікке ілінген тағы ондаған адамды қамауды сұраған. Жексенбі күні таңертең сот Имамоғлыны қамау туралы шешім шығарды.

Сот өтпей тұрып, билік ғимаратқа баратын жолдардың бәрін жауып, жақын маңдағы метро станцияларын бекіткен. Жүздеген полиция және ондаған су шашатын техника жұмылдырылған. Соған қарамастан жүздеген адам сот алдына жиналған.

Қазақстанның Стамбұлдағы бас консулдығы Түркияда жүрген қазақстандықтарға мәлімдеме жасады

“Қалыптасқан жағдайға байланысты халық көп жиналатын орындарға бармауға, шерулер мен митингілерге қатыспауға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға, қырағылық пен сақтыққа, жаңалықтарды қадағалап, биліктің ұсыныстарын орындауға, Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен байланыста болуға шақырамыз” деп жазылған ресми хабарламада.

деп жазылған ресми хабарламада.

  • Экрем Имамоғлыны полиция 19 наурызда ұстап әкеткен. Оған жемқорлық және қылмыстық ұйымға жетекшілік ету бабы бойынша айып тағылған. Anadolu агенттігінің жазуынша, саясаткерге қатысты терроризм ісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Анкара істің саяси астары барын жоққа шығарады.
  • 2028 жылғы президент сайлауына оппозиция атынан Экрем Имамоғлы қатысады деген ақпарат жарияланған шақта Стамбұл мэрі ұсталып отыр. Еуроодақ Имамоғлының ұсталуын айыптады.

Дәрігерлер Рим папасы Францискті ауруханадан шығаратынын хабарлады

Рим папасы Франциск
Рим папасы Франциск

Рим папасы Франциск жексенбі күні ауруханадан шығарылады деп хабарлады сенбі күнгі брифинг кезінде оны емдеген дәрігерлер консилиумына жетекшілік еткен профессор Серхио Альфьери.

88 жастағы католик шіркеуінің басшысы тыныс ауруына шалдығып, ақпан ортасында Джемелли клиникасына түскен еді. Ақпаратқа қарағанда, ол бір сәт өлім аузында болған.

Жексенбі күні Франциск алғаш рет жұрт алдына шықпақ. Өзін аурухананың сыртында күтіп тұрған адамдармен бірге ол аурухананың терезесінен дұға етпекші деп жазды Vatican News. Бұдан соң ол Ватикандағы ресми резиденциясы Санта-Мартаға үйден ем алуға ауыстырылады. Оның айығуына кемінде екі ай керек деп айтылады.

Тағы

XS
SM
MD
LG