АҚШ әкімшілігі Солтүстік Кореяның орта қашықтықтағы баллистикалық зымырын сынағын өткізгенін растады. Бұған дейін Вашингтон Пенхьнянды зымыран технологиясына қатысты жұмыстарын жалғастыратын болса жаңа санкцияларға тап болатыны туралы ескерткен.
АҚШ президентінің ресми өкілі бұл туралы мәлімдемені Дональд Трамп екі күндік жұмыс сапарымен жүрген Сауд Арабиясында жасаған. АҚШ өкілдері соңғы ұшырылған зымыран Солтүстік Корея осыған дейін биыл ақпанда ұшырған зымыранға ұқсас екенін айтады. Бұл зымыранның соққы беру радиусы алдыңғы үш зымыранға қарағанда шағындау делінеді.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяның ресми өкілдері Солтүстік Кореяның зымыран ұшырғанын, бірақ оның қандай зымыран екенін анықтай алмай отырғандарын айтқан. Зымыран 500 километр қашықтыққа ұшқан деп хабарланды. Солтүстік Корея бұдан бірнеше апта бұрын зымыран сынағын өткізгеннен кейін, «АҚШ территориясына дейін жете алатын зымыран жасауға кезекті қадам» жасалғаны туралы мәлімдеген.