Ресейлік "Альфа-Банктің" Қазақстандағы еншілес банкіне жойылайын деп тұрған "Қазинвестбанктің" жеке адамдар салған депозиттері мен зейнетақы активтері берілді. Қазақстан Ұлттық банкі өткен жылдың соңында "Қазинвестбанктің" банк қызметін көрсету лицензиясын қайтарып алған. "Альфа-Банктің" ақпаратына қарағанда, банк "Қазинвестбанктің" жеке адамдар салған 7,8 миллиард теңге депозитін, заңды тұлғалардың сегіз миллиард теңге депозитін және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) 3,2 миллиард теңге қаржысын алмақ.
Ұлттық банктің "Қазинвестбанкке" қойған уақытша басшылығы "Альфа-Банкпен" активтер мен міндеттемелерді бір мезетте тапсырып беру туралы келісімге 19 мамырда жасасқан. "Альфа-Банк" маусымның алғашқы жартысында барлық шақырылған депозит иелерімен депозитін кепілде ұстау туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Жеке адамдар кез-келген уақытта депозитінің бір бөлігін ала алады немесе депозиттік келісім жасасып, "Альфа-Банкте" депозитін арттыра алады. БЖЗҚ зейнетақы қаржысын "Альфа-Банкте" үш жылға қалдыру ниетін білдірді" делінген банк хабарламасында.
"Альфа-Банк" өкілдері келісім бойынша "Қазинвестбанктің" 14 пайыз акциясын иеленетінін хабарлады.
"Қазинвестбанктің" уақытша әкімшілігінің жетекшісі Джемма Зинуллина Tengrinews.kz агенттігіне берген сұхбатында банктегі жеке адамдардың депозиті, оның ішінде мемлекет кепілдік берген сомадан асатын депозиттер түгел берілетінін айтты. Қазақстан заңдары бойынша, салымдарға кепілдік беру қоры коммерциялық банк жойылуға мәжбүр болғанда жеке салымшыларға банкке салған депозитін қайтарып береді. Мемлекеттік қордан жеке адамның бір банкке салған 10 миллион теңгеге дейінгі депозиті, егер шетел валютасымен салса оның бес миллион теңгеге дейінгі өтемін төлеуге кепілдік берілген.
Ұлттық банк 2016 жылы 27 желтоқсанда "Қазинвестбанк" төлем жасау және ақша аудару міндеттемелерін жүйелі түрде бұзды деп, банктің бағалы қағаздар нарығында банктік және басқа да операциялар жасау лицензиясын тартып алған.