Accessibility links

Түркияда оппозициялық газеттің журналистері тұтқындалды


Биліктің газетке қарсы әрекетіне наразылық белгісі ретінде кезекті санын бос парақтармен шығарған оппозициялық Sozcu басылымын көрсетіп тұрған адам. Стамбул, 20 мамыр 2017 жыл.
Биліктің газетке қарсы әрекетіне наразылық белгісі ретінде кезекті санын бос парақтармен шығарған оппозициялық Sozcu басылымын көрсетіп тұрған адам. Стамбул, 20 мамыр 2017 жыл.

Түркия соты оппозициялық Sozcu басылымының екі журналисін тұтқындады. Елдегі танымал газеттердің төрттігіне енетін басылым иесінің мекен-жайына билік органдары тінту жүргізген, тағы бірнеше журналист шетелде тұратын оппозициялық діни қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысы бар деген күдікке іліккен. Түркия билігі Гүленді былтырғы шілде айында іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс әрекетін ұйымдастырды деп айыптайды. Гүлен төңкеріс әрекетіне қатысы жоғын айтумен келеді.

Түрік мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, өткен жылы сәтсіздікке ұшыраған төңкеріс жасау әрекетіне қарсаңында Sozcu газетінде жарияланған Түркия президенті Режеп Ердоғанның демалыс сәтінен түсірілген суреттер мен оның есімі сөзжұмбақта пайдаланылғаны тергеушілер назарына іліккен.

Түркияда 2016 жылы шілдеде мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болғандардың жоспары іске аспай қалғаннан кейін билік 130-дан аса басылымды жауып тастаған. «Гүленмен байланысы бар» деген күдікпен 150 мыңнан аса судья, мұғалімдер мен полиция қызметкерлері жұмыстан босатылған, 50 мыңға жуық адам тұтқындалған. Осы аптада Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Түркия билігін «адамдарды мемлекеттік қызметтен негізсіз босатты» деп сынға алды.

XS
SM
MD
LG