Алматыда Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы, бұрынғы НКВД ғимараты алдындағы саябақта 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуы 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болды. Ескерткіште қолына арып-ашып, өлімші халге жеткен баласын көтеріп тұрған, басы төмен салбыраған ана мен талқандалған қазан-ошақ бейнеленген.
Әкімдік ұйымдастырған шараға қала әкімі Бауыржан Байбек, жергілікті билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, ақын-жазушылар, құрбандардың ұрпақтары қатысып, сөз сөйледі.
Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов Азаттыққа берген сұхбатында 20 ғасырда қазақ халқы үшін үлкен үш нәубет - ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және Ұлы отан соғысы болғанын, соның бірі - ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылғанын айтты.
Әбжанов Азаттық тілшісінің "Ескерткіш не себепті тек 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың құрбандарына орнатылған. 1921-1922 жылғы ашаршылық құрбандарына да неге арналмаған?" деген сұрағына 1921-1922 жылғы ашаршылық пен 1931-1933 жылдардағы ашаршылықты салыстыруға болмайтынын айтты.
- 1921-1922 жылғы ашаршылықты зерттеу керек. 1931-1933-ке қойғаны үлкен шаруаның басы. 1921-жылғы ашаршылық құрбандарына да, 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына да ескерткіш қойылады. Екеуі бірдей болады деп ешкім уәде беріп, мойнына алған жоқ. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш те ашылады. Ең бастысы - тәуелсіздік алдық, мұндай болады деп 74 жылда түсімізге де кірген жоқ. Осыған да тәуба деу керек, - деді Әбжанов.
Республикалық ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары қоғамдық ұйымының төрағасы Жұмабек Ашуұлы жиналған халық "Неге тек ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылған, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткіші қайда" деп сұрап жатқанын айтып, оған жауабын да бергендей болды.
- Ол саяси репрессия құрбандарының ескерткіші - мына тұрған сұр үй, НКВД-ның үйі. Осы үй қайтадан қайтарылып, мемлекет қарауына өтуі керек. Мемлекет басшысының 2003 жылы бекітіп берген жобасы бар. Ол бойынша, НКВД үйінің алдындағы, Наурызбай батыр мен Чайковский көшелерінің арасындағы аллеяның екі жағында мәрмәр тасқа атылған адамдардың барлығының аты-жөні жазылуы керек болатын. Сосын осы тұрған саябақ Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихи мұражай кешеніне айналуы тиіс деп бекітілген болатын. Сондықтан елбасының бекітіп берген жобасы орындалады деп ойлаймын, оны іске асыратын шығармыз, - деді Жұмабек Ашуұлы.
Азаттықтың ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу шарасынан жүргізген тікелей эфирі