Алматыда 31 мамырда бір топ азаматтық белсенді саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, биліктен соңғы жылдары "саяси себеппен сотталып, қудаланып жатқан" белсенділерді босатуды талап етті.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, журналист Рамазан Есіргепов, Инга Иманбай, құқық қорғаушы Ерлан Қалиев, Ғалым Ағелеуов пен тағы бірнеше белсенді бүгін Қарасай батыр және Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы, совет өкіметі кезінде ішкі істер және қауіпсіздік органы (НКВД-КГБ) ғимараты орналасқан маңдағы саябаққа жиналды. Олар келердің алдында саябақта қала әкімдігінің ұйымдастыруымен 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескертіш ашылған.
Ескерткіштің ашылуына жиналған жұрт тарқай бастағанда келген белсенділер саяси репрессия құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Белсенділер 1937 жылы атылған қазақ зиялыларының суреттерімен қатар қазір түрмеде отырған, құқық қорғау ұйымдары "саяси тұтқын" деп таныған Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Саят Ыбырай, қудалаудағы Мұхтар Әблязов, Жанболат Мамайдың суреттерін де ұстап шықты.
Жиналғандар ескерткіш ашаршылық құрбандарымен қатар саяси қуғын-сүргін құрбандарына да орнатылуы тиіс болғанын, Қазақстан тәуелсіздік алғна кезден бері "саяси себеппен" сотталғандар мен қудаланғандардың және қаза тапқан кейбір саясаткерлердің де саяси қуғын-сүргіннің құрбандары болғанын айтты. "Талғат Аян, Макс Боқаев, Жанболат Мамай сияқты Қазақстанның дамуына үлес қосуы тиіс болған, еркін ойлы азаматтар өз құқықтарын пайдаланғаны үшін қамалды" деді Рамазан Есіргепов.
Белсенділер 31мамыр - Қазақстанда ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін басқаша атап өту керегін айтты.