Кабулдың орталығында 31 мамырда болған күшті жарылыстан Қазақстанның Кабулдегі елшілігі зардап шегіп, екі қазақстандық жараланды деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов.
Жайнақовтың Facebook-те жазуынша, қазақстандықтар жарылы болған сәтте жарылыс орнынан 500 метр қашықтықта орналасқан қонақүйде болған. Оның ақпаратына қарағанда, жарылыс орнынан 1,5-2 километр шамасында қашық орналасқан елшіліктің терезелері сынған.
Кабулдың орталығында бүгін таңертең күшті жарылыс болды. Ауғанстан денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәлімет бойынша, жарылыстан 80 адам қаза тапты, 350-ден астам адам жараланды.
Полицияның хабарлауынша, таңертеңгі қарбалас кезде президент сарайына және шетелдік елшіліктер орналасқан Вазир Акбар Хан ауданында көлікке жасырылған бомба жарылған. Кабул полициясының ресми өкілі Васир Муджаһид Германия елшілігінің кіреберісінде болғанын айтады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ауғанстанда жүрген Қазақстан азаматтарын қалада қауіпсіздік шараларын сақтап, хал-жағдайы туралы туыстары мен жақындарына хабарлап қоюға және қажет жағдайда Қазақстанның Ауғанстандағы консулына "шұғыл желі" бойынша +93-747-250-343 (WhatsApp) нөміріне хабарласуға кеңес берді.